Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова осы аптаның соңында кезекті оқу жылы аяқталғаннан кейін мектеп бітіруге қатысты қандай іс-шаралар өтетінін айтты.
"25 мамыр күні сағат 11:00-де барлық мектепте мүмкіндігінше ата-аналардың, қамқорлық кеңес мүшелерінің, бизнес өкілдерінің және мектепті үздік бітірген бұрынғы түлектердің қатысуымен 1-10 сыныптарға арналған онлайн соңғы қоңырау өткізіледі. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов түлектерді телеарналар арқылы құттықтайды. 3 маусым күні 11 сынып түлектері үшін аттестат пен "Алтын белгі" тапсыру рәсімі өтеді. Бұл іс-шара мектеп аумағында ашық аспан аясында ұйымдастырылады. Іс-шараға мектеп формасымен келу қатаң түрде талап етіледі. Мектеп бітіру шараларын өткізу кезінде мектеп әкімшілігіне құқық бұзушылыққа, мейрамханалар мен кафелерде кештер өткізуге жол бермеу жүктелді", – дейді елордалық білім басқармасының басшысы.
Айта кетсек, пандемия кезінде қашықтан оқытуға байланысты мемлекеттік қорытынды емтихандар өткізілмейді.