Биыл Солтүстік Қазақстан облысына 400 отбасы көшіп барған

Биыл Солтүстік Қазақстан облысына 400 отбасы көшіп барған
Фото: Видео кадры

Биыл Солтүстік Қазақстан облысына Түркістан мен Алматы облыстарынан, сондай-ақ, Шымкент және Астана қалаларынан 400-ден астам отбасы қоныс аударды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24KZ-ке сілтеме жасап. 

Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысына көші-қон бағдарламасымен 400 отбасы көшіп келді. Оларға мемлекет тарапынан көтермеақы төленіп, баспана алуға "Экономикалық ұтқырлық сертификаты" беріледі. Қаржы көлемі биыл 7 млн теңгеге дейін ұлғайтылды.  Павел Корнилов былтыр жанұясымен Талдықорғаннан Петропавлға көшіп келді. Көші–қон бағдарламасы бойынша әр адамға төленетін субсидиядан бөлек, баспанаға 7 млн теңге алған.

"Көшіп келген кезде пәтер жалдап тұрдық. Оның төлемі мемлекет есебінен жасалды. Содан кейін "Экономикалық ұтқырлық сертификатын" алдық. Оның үстінен жинаған қаражатымызды қосып, ипотекаға 3 бөлмелі пәтер сатып алдық", — дейді қоныс аударушы Павел Корнилов.

Өңірге көшіп келген әр адамға 300 мың теңге бірреттік төлемақы беріледі. Сонымен қатар, биыл тұрғын үй сатып алуға берілетін "Экономикалық ұтқырлық сертификатындағы" қаржы да ұлғайды.

"Былтырғы жылы сертификат құны 4 млн 500 мың болатын. Онымен қатар ол 4,5 млн теңгені әр көшіп келген адам өз қалтасынан шығару керек еді. Сонда жалпы саны 9 млн теңгеге үй алуға болатын еді. Биылғы жылдың ерекшелігі, 7 млн теңге Үкіметтен төленеді. Егер үйдің құнына жетіп тұрса, көшіп келген адам өз қалтасынан төлемесе болады", — деді СҚО бойынша Еңбек ұтқырлығы орталығының басшысы Нұрлан Бибулаев.

Биыл Солтүстік Қазақстан Қазақстан облысына 3020 қоныс аударушы мен қандас көшіп келеді деп жоспарланып отыр. Қазір жылдық жоспардың 60 пайызы орындалды. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Massaget.kz
Logotype Massaget