Биыл шетелдіктер қай салаға инвестиция құйды?

Биыл шетелдіктер қай салаға инвестиция құйды?
Фото: Тұрар Қазанғапов

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров биыл шетелдіктер қай салаға инвестиция құйғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі

"2024 жылғы бірінші тоқсанда (қаңтар-сәуір аралығы) Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитеті 436,6 миллиард теңге сомасына 29 инвестициялық келісімшарт жасасты. Жоғарыда көрсетілген кезеңде E-license порталы арқылы инвестициялық преференция беруге 86 өтінім келіп түсті. Шетелдік қатысу тұрғысынан Ресей, Нидерланды және Кипр мемлекеттері ұсынылды", - деді Айбек Смадияров СІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Салаларға бөлетін болсақ, көрсеткіш төмендегідей:

  • Өңдеу өнеркәсібі саласында - 12 келісімшарт;
  • Көлік және қойма саласында - 6 келісімшарт;
  • Өнер, ойын-сауық және демалыс саласында - 4 келісімшарт;
  • Тұру және тамақтану қызметтерін ұсыну саласында - 4 келісімшарт;
  • Білім беру және денсаулық сақтау саласында - 2 келісімшарт;
  • Электрмен жабдықтау, газ, бу және ауа баптау саласында 1 келісімшартқа қол қойылған.

"Инвестициялық келісімшарттың басым бөлігі Астана қаласында (16 келісімшарт) қойылды. Одан кейін тізімде Шымкент қаласы мен Алматы облысы (3 келісімшарттан), Алматы қаласы мен Жамбыл облысы (2 келісімшарттан) және Ақтөбе, Қостанай, Түркістан облыстары (1 келісімшарттан) тұр", - деді ресми өкіл.

Аяз Есен 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Massaget.kz