- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Биыл шаруалар сырттан...
Биыл шаруалар сырттан келетін судан таршылық көрмей ме? Министр жауап берді
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қырғызстаннан келетін суды қалай реттейтінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Үкімет отырысынан соң БАҚ өкілі су министріне "Биыл да шаруалар таршылық көрмей ме?" деген сұрақ қойды.
"Ақпан айының аяғы мен наурыздың басында бізге "Қазгидромент" нақты осы жылдың су көлемі қалай болатыны ақпарат береді. Сол ақпаратты дереу жергілікті атқарушы органдар мен шаруа қожалықтарына жеткіземіз", - деді Нұржан Нұржігітов.
Су министрі бұған дейін Қырғыз Республикасының Ауыл шаруашылық министрі Асқарбек Жәнібековпен кездесуінде мемлекетаралық өзендердің мәселесін талқылағанын айтты.
"Өздеріңізге мәлім, былтыр Жамбыл облысының шаруалары Шу және Талас өзендерінің бассейндерінде суармалы су тапшылығын сезінді. Сондықтан осындай жағдайдың қайталануына жол бермеу үшін қырғыз әріптестермен бірге Шу және Талас өзендерінің бассейндерінде келесі вегетациялық кезеңді дұрыс жоспарлау бойынша жұмысты алдын ала жасау өте маңызды", – деді Нұржан Нұржігітов.
Сонымен қатар, министр елдегі су қоймаларын жөндеуге қанша теңге керек екенін айтты.
"Елімізде 400-ден астам су қоймасы бар. Біз жергілікті атқарушы органдармен бірге кешенді жоспарды бекіттік. Жергілікті органдармен келіскен бүкіл жұмысты орындауға шамамен екі триллион теңге қажет. Оған су қоймалары ғана емес, ирригациялық жүйелер де кіреді, цифрландыру, су үнемдеу технологиялары бар", - деді ол.
Жасұлан Ордабаев
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Massaget.kz