Биыл Сайран көліне шомылуға рұқсат беріле ме: су сапасы тексерілді

Биыл Сайран көліне шомылуға рұқсат беріле ме: су сапасы тексерілді
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Ақбота Сіләм

Алматыдағы Сайран көлінде биыл шомылуға рұқсат беріле ме деген сұрақ тұрғындар арасында жиі талқыланып жүр. Мамандардың айтуынша, әзірге су айдынында шомылуға ресми түрде тыйым салынған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамыр айында Сайран суынан микробиологиялық, санитариялық-химиялық және паразитологиялық көрсеткіштер бойынша сынама алған.

Алмалы ауданы бойынша алынған сынама нәтижесінде су гигиеналық талаптарға сай келмейтіні анықталды. Атап айтқанда, суда лактоза оң ішек таяқшалары анықталған, сондай-ақ еріген оттегі деңгейі де нормаға сәйкес болмаған. Әуезов ауданы бойынша 26 мамырда алынған сынамалар әлі зерттеліп жатыр.

Санэпидемиологтардың айтуынша, былтырмен салыстырғанда жағдай айтарлықтай өзгермеген. Сайран суы әлі де санитариялық-химиялық нормативтерге сай емес.

Мамандар көлдің ластануына Сайранға құятын Үлкен Алматы өзені арқылы келетін тұрмыстық қалдықтар, қоқыс және басқа да ластаушы заттар әсер етуі мүмкін екенін айтады. Зертханалық нәтижелер суда ішек таяқшасының барын көрсеткен. Бұл нәжістік ластанудың белгісі саналады.

Қазір Сайран көлінің бүкіл аумағында "Шомылуға тыйым салынады" деген белгілер қойылған.

Мамандар көлде шомылуға абаттандыру жұмыстары толық аяқталып, санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алынғаннан кейін ғана рұқсат берілуі мүмкін екенін түсіндірді. Ол үшін судың гигиеналық талаптарға сай екені зертханалық түрде расталуы керек.

Сайран көліндегі су сапасы мамырдан қыркүйекке дейін санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг аясында бақыланады. Зерттеу айына бір рет жүргізіледі.

Сонымен қатар Сайран көлі қазір қайта құрғатылып жатыр. Бұған су қоймасын толтыруға жауапты гидротехникалық қондырғылардың ақауы себеп болған. Жөндеу жұмыстары 1 маусымда басталып, 3 маусымға дейін аяқталады деп жоспарланған. Жұмыс біткен соң көлге қайта су толтырылады.

Қала қызметтері тұрғындарға әзірге Сайранда шомылмауды және қауіпсіздік белгілерін сақтауды ескертеді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

С. Бөлек
Logotype Massaget