Павлодардың астықты өңірі Ертіс ауданында егін жинау науқаны аяқталуға жақын.
Гектарына 13 центнерден өнім алып жатқан диқандарды көрсеткіштен бұрын астықтың сапасы қуантып отыр. Күннің қолайлы сәтін тиімді пайдаланған шаруалар қазір қамбаны қызыл дәнге толтырып тастаған. Биыл ауданда он жыл тоқтап тұрған элеватор іске қосылды.
Қазір – науқанның нағыз қызған шағы. «Оразбаев» шаруа қожалығы қырманға тәулігіне бес тоннадай бидай жеткізеді. Қамбаға ең алдымен тұқымдық қор құйылады.
Егін орағы қызу қарқынмен жүріп жатыр. Астық көрсеткіші рекордтық емес. Бірақ диқандардың көңілі тоқ. Сапасы жоғары, дер кезінде пісіп жетілді. Алтын дәннің бағасы да диқандардың көңілінен шыққан.
Сайлау Оразбаев, шаруа қожалығының басшысы: - Бидайдың қамырлығы биыл 30%. Табиғилығы 780-770-ті көрсетіп отыр. Жылдағыдан астық көлемі аздау болуы мүмкін, алайда сапасы өте жоғары. Бұл шаруашылықта ылғал сақтауға баса мән беріледі. Осымен үш жылдан бері жиын терім кезінде комбайнның жаңа түрі қолданылып келеді. Оның ерекшелігі тек бидайдың дәнін ғана алады. Ал алқаптарда қалатын бидай сабағы қар тоқтатуға сеп болады екен.
Константин Попенко, механизатор: - Егер қар қалың болса, ылғал да мол болады. Басқа комбайн агрегатарына қарағанда жаңа машиналар ширақ жұмыс істейді.Бункерлерді тез толтырады. Ертіс ауданында тәжірибелік шаруашылық бар. Сондықтан диқандар қашанда жаңашылдықты бірінші болып қолданады. Биыл алғаш рет майлы дақылдар оның ішінде зығырмен рапс салынды.
Сайлау Оразбаев, шаруа қожалығының басшысы: - Рапс пен зығырдың өнімділігі бидайға қарағанда анағұрлым жоғары. Гектарына 6,7 центнерден келгеннің өзінде мол пайда әкеледі. Бұл дақылдар бұрын біздің өңірде өсірілмеген. Біртіндеп майлы дақыл алқаптарын көбейтеміз деп отырмыз.
Келер жылы Ертіс ауданының диқандары майлы дақылдарды 20 мың гектар алқапқа салуды жоспарлап отыр. Зығыр жер талғамайтын өсімдік болғанымен рапстың пісіп жетілуі ауа райына тікелей байланысты екен. Шаруалар тәуекелге баруға дайын. Өйткені өнімге сұраныс жоғары.
Дереккөз: 24.kz