Төтенше жағдай министрі Шыңғыс Әрінов биыл Қазақстанда өрт қаупі жоғары болатынын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"2024 жылы жаз ыстық болып, табиғи өрт қаупі жоғары болады деген болжам бар. Қазір елімізде 27 орман өрті және 122 дала өрті тіркелді. Олардың көпшілігі министрлік күшімен сөндірілді, авиация тартылды. Осыған байланысты барлық мүдделі мемлекеттік орган мен әкімдік орман және дала өртін алдын алу және жою жөніндегі ведомствоаралық жоспардың тиімді іске асырылуын қамтамасыз ету қажет", - деді Шыңғыс Әрінов Үкімет отырысында.
Министр әр өңірде ірі өртке қарсы күресетін күштер мен құралдар дайындалғанын жеткізді.
"Жалпы республика бойынша шамамен 50 мың адам және 10 мыңнан астам техника дайындалды. "Қазавиақұтқару" авиациясының 19 борты дайын тұр. Оның тоғызы су төгетін құрылғымен жабдықталған. Аэровизуалды барлау үшін 120 дрон бар. Министрліктің келісімі бойынша әкімдіктер табиғи өртті болдырмауды көздейтін жоспарларды бекітті", - деді ведомство басшысы.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!