Қазақстандықтарға мүгедектігі және асыраушысынан айырылуы бойынша жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер түрінде шамамен 484,3 миллиард теңге төленді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
"Жыл басынан бері мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды (МӘЖ) төлеуге республикалық бюджеттен 431 миллиард теңге жұмсалды. Бұған қосымша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі - МӘСҚ) еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша шамамен 53,3 миллиард теңге сомасына әлеуметтік төлемдер төленді", - делінген хабарламада.
2023 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша, мүгедектігі бойынша МӘЖ алушылар саны шамамен 537 мың адам, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша шамамен 176,1 мың адам болған.
"Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектіктің тобына және себебіне, сондай-ақ, тиісті қаржы жылына арналған "Республикалық бюджет туралы" заңда белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады.
Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері қайтыс болған асыраушының асырауындағы адамдардың санына, қайтыс болу себептеріне және ең төмен күнкөріс деңгейіне байланысты болады", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төмен күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты 8,5 пайызға өскен, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап орташа есеппен 14,5 пайызға қосымша көбейген.
"Мәселен, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап жалпы аурулардан мүгедектігі бойынша МӘЖ мөлшері 1-топ үшін - 89 248 теңге, 2-топ үшін - 71 398 теңге, 3-топ үшін - 48 681 теңге болады.
Бұдан басқа, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда МӘСҚ-тан әлеуметтік төлемдер төленеді. Мәселен, биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша 97,5 мың адам еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша әлеуметтік төлем, ал 62,4 мыңға жуық отбасы асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем алды", - делінген хабарламада.
Төлемдердің мөлшері жеке және мыналарға байланысты: кейінгі 2 жылдағы МӘСҚ-қа әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыс, еңбекке қабілеттілігінен айырылу коэффициенттері, асырауындағы адамдар саны, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі және табысты ауыстыру.
"Бұл төлемдер республикалық бюджеттен төленетін ұқсас жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырылады, сондай-ақ, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап ҚР Үкіметінің шешімімен олардың мөлшері 14,5 пайызға ұлғайтылды.
1 қарашадағы жағдай бойынша еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері 35 671 теңге, асыраушысынан айырылу бойынша 36 800 теңге болды", - делінген хабарламада.
Тағы да оқи отырыңыздар: Қазақстанда қанша мүгедек бала бар?
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз