Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Үкімет отырысында мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік қорғалуы мен өмір сүру сапасын арттыруға биыл қанша бөлінгенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Еңбекминнің басшысы бүгінде елімізде мүгедектігі бар 732 мың адам тұратынын, бұл халықтың жалпы санының 3,6 пайызы екенінен хабардар етті. Оның ішінде 57 пайызы - еңбекке қабілетті жастағы адамдар, 27 пайызы - зейнеткерлік жастағы адамдар, 15 пайызы - балалар.
Аурулардың нозологиялық формаларының құрылымы бойынша 18 жастан асқан адамдар арасында психикалық бұзылулар (18 пайыз), қан айналымы жүйесінің аурулары (17,2 пайыз), барлық жарақат түрі (13 пайыз) басым. Ал балалар мүгедектігі бойынша жүйке жүйесінің аурулары (26,6 пайыз), туа біткен ақаулар (25,1 пайыз) және психикалық бұзылулар (22,4 пайыз) көбірек кездеседі. Жүргізілген талдау көрсеткендей, кейінгі 3 жылда балалар мүгедектігінің 11,4 пайызға өскені байқалады.
"Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қамсыздандыруға арналған шығыстар базалық және міндетті деңгейде жүзеге асырылады. Жыл сайын республикалық бюджеттен шығыстар шамамен 22 пайызға өседі. Биыл ол 748,5 миллиард теңге болды. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдер 46 миллиард теңге болды", - деді Светлана Жақыпова.
Еске салайық, бұған дейін мүгедектігі бар азаматтар жұмысқа қалай орналаса алатыны туралы жарияланған еді.
Мүгедектігі бар азаматтар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің enbek.kz сайтынан бос жұмыс орындарын іздей алады. Мұнда мүгедектігі бар азаматтарға арналған бөлек бет бар. Сайтта түйіндемеңізді жариялауға, "Жеке кабинет" ашуға, жұмыс берушілерге өтініш қалдыруыңызға болады.
Мүгедектігі бар азаматтар жергілікті атқарушы органның Жұмыспен қамту орталығына хабарласуына болады. Орталықтарда осы санаттағы азаматтарды жұмысқа орналастырумен айналысатын бөлім бар.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!