Жаңа оқу жылында мектептің сыртында дәретханалар болмауға тиіс. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Үкімет отырысынан соң БАҚ өкілі министрге Алматы облысы Талғар ауданы Төңкеріс ауылында түсірілген видео туралы айтып берді. Онда мектеп директоры өзінің жеке дәретханасын ашып алған, ал 100-ден аса мұғалім бір әжетханаға баруға мәжбүр.
Ғани Бейсембаев бұл жағдайды облыстық білім басқармасы қатаң бақылауға алғанын жеткізді.
"Бірінші бұл деректің қаншалықты рас екенін анықтайық. Өндіріске, білім сапасына, мектеп жұмысын үйлестіруге келтірілген басқа да залалдар болса, тиісті қатаң шара қолданылады. Тексеру соңын күткен дұрыс деп ойлаймын", - деді министр.
Ведом басшысының айтуынша, жаңа оқу жылында мектептің сыртында дәретханалар болмауға тиіс. Әкімдіктерге тиісті тапсырма берілген.
"2021 жылы осы мәселесі көтерілгенде мектеп сыртындағы дәретханалар саны 2 700 болған. Бүгінде істелген жұмыс барысында 10 әжетжананың әлі де сыртты орналасқаны анықталып отыр. Бұдан бөлек, тағы да мектеп ішіндегі жылы әжетханалар болғанына қарамастан сырттағы әжетханаларды толық алынбағанын көріп отырмыз. Бұл бағытта жергілікті атқарушы органдарға тиісті тапсырма берілді.
Мектеп сыртындағы әжетханаларды түгел алып тастау үшін мектеп ішіндегі әжетханалар санын тиісті межеге жеткізу керек. Әрбір жағдай бойынша жеке-жеке тапсырма берілді. Жаздың 3 айында бұл мәселені толық шешуге тырысамыз. Дей тұрғанымен алыс жерлерде 10-20 бала оқитын мектептер бар. Биыл онда әжетхана орнату мәселесін толық шешу керек. Жалпы жаңа оқу жылында сыртта дәретханалар болмауға тиіс", - деді Ғани Бейсембаев.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!