Биыл маңғыстаулық кәсіпкерлер 1 трлн теңгенің өнімін шығарды

2024 жылдың 11 айында шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыс істеп тұрған субъектілерінің саны 76,8 мыңды құрап, олармен 1 трлн теңгенің өнімі шығарылды. Жалпы бұл саланың өңір экономикасындағы үлесі жыл санап өсіп келеді. Бұл туралы ОКҚ өткен баспасөз конференциясында облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай мәлімдеді.

Маңғыстау облысында шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандар саны - 147,4 мың адам, бұл өңірдегі экономикалық белсенді халықтың - 42,2% құрайды.

Биыл кәсіпкерлікті қолдаудың бірыңғай кешенді бағдарламасы шеңберінде 17,5 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 1231 жобаға қолдау көрсетіліп, 411 жұмыс орны сақталды. Сондай-ақ 373 жаңа жұмыс орны ашылуда.

Сонымен қатар аталған бағдарламамен әлеуметтік кәсіпкерлердің 20 жобасына 100 млн теңге көлемінде мемлекеттік грант берілді.

"Біздің мақсатымыз - бизнеске қолайлы орта қалыптастыру, оларға ынталандыру шараларын ұсына отырып тиісті жағдай жасау. Бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтетін боламыз",- деді спикер.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі ұсынған материал

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!