- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Биыл МӘМС үшін...
Биыл МӘМС үшін кім қанша төлеуі керек?
1 қаңтардан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға төленетін жарналар мен аударымдар мөлшері өзгерді. Биыл кім қанша жарна төлейді? Жарна көлемінің өзгеруіне не түрткі болды? Осы мәселеге қатысты сұрақтарға Медициналық сақтандыру қорының Алматы филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Медициналық сақтандыру қорының Алматы қалалық филиалына сілтеме жасап.
Биыл ең төменгі жалақы мөлшері - 85 000 теңге. Филиал басшысы жарна төлеушілердің бірнеше санатын атады. Біріншісі - мемлекет тарапынан сақтандырылатын 15 жеңілдік санаты. Оған балалар, зейнеткерлер, ҰОС ардагерлері, мүгедектер, "Алтын алқа", "Күміс алқамен" марапатталған көпбалалы аналар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, декретте отырған аналар, мүгедек бала күтіміне байланысты жұмыс істемейтін азаматтар, студенттер т.б. кіреді. Жеңілдік берілген халық саны 11 миллионға жетеді. 2024 жылы мемлекет бір азаматқа төлейтін жарна айына 5852,63 теңге болады.
Биыл жұмыс берушілер қарамағындағы қызметкерлер үшін бұрынғыдай, яғни жалақының 3 пайыз мөлшерінде аударым жасайды.Төлемнің шекті мөлшері 10 ЕТЖ немесе 25 500 теңгеден аспайды. Жұмыс беруші аударымды өз қалтасынан төлейді. Ал жұмыскерлер жалақысынан 2 пайыз ұстап, қорға аударады. Жарнаның шекті мөлшері 10 ЕТЖ немесе 17 000 теңгеден аспауға тиіс.
Одан кейінгі санат - жеке кәсіпкерлер. Нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар да осы санатқа кіреді. Олар бұрынғыдай 1,4 ЕТЖ-ның 5 пайызын төлейді. Биыл ең төменгі жалақының өсуіне байланысты бұл сома 5950 теңгеге жетті.
Азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша еңбек ететіндер сақтандыруға бұрынғыдай табысының 2 пайызын аударады.
"Қазақстанда өзін жұмыспен қамтыған азаматтар бар. Бұл азаматтар сақтандыру жүйесіне қосылу үшін екі түрлі әдісті пайдаланса болады. Біріншісі - дербес төлеуші ретінде бір ЕТЖ-ның 5 пайызын немесе 4250 теңге төлеу. Екіншісі - жеке кәсіпкер ретінде тіркелу және жарналарды ЖК ретінде төлеу ", - деді Тілеухан Әбілдаев.
Сақтандыру мәртебесін мына жолдармен тексеруге болады:
• Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы
• fms.kz ресми сайты
• Telegram-дағы @SaqtandyrýBot
• 1414 байланыс орталығы
• Damumed мобильді қосымшасы
• Halyk мобильді қосымшасы
• BCC.KZ мобильді қосымшасы
• Kaspi.kz мобильді қосымшасы
• egov.kz электрондық үкімет сайты. Оның ішінде "Медициналық қызметтерді тұтынушы ретінде қатысу туралы және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде аударымдардың және (немесе) жарналардың аударылған сомалары туралы ақпарат беру" мемлекеттік қызметі арқылы.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова