- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Биыл қызылшаның көп...
Биыл қызылшаның көп таралуына не себеп болғаны айтылды
Биыл елімізде қызылша ауруы бойынша эпидемиологиялық ахуалдың асқынуы байқалуда. Осыған байланысты Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер А.Есмағамбетова Қазақстанда қызылшаға қарсы санитарлық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу туралы Қаулыға қол қойған болатын. 4 жыл бұрын инфекцияның 500-ден астам жағдайы тіркелген Жамбыл өңіріндегі эпидемиологиялық жағдай қалай? Massaget.kz тілшісі мән-жайды облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нейлә Муликовадан сұрап-білді.
"Жамбыл өңірінде қызылшамен ауыратын науқастарды уақтылы вакцинациялау және анықтау бойынша кешенді профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізілгеніне қарамастан, қазіргі уақытта облыста төрт адамнан инфекция анықталды. Жалпы қызылша мен қызамықтың таралуының алдын алу мақсатында медицина қызметкерлеріне 18 жасқа дейінгі вакцинацияланбаған адамдарды анықтау міндеттелген. Егер екпе алмағандар болса, вакцина алуға шақырып, егу жұмыстары жүргізіліп жатыр", - дейді эпидемиолог.
Биыл қызылша ауруы Үндістан, Пәкістан, Африка елдері, Еуропа аймағы, АҚШ және басқа елдерде көптеп тіркелген. Таяу шет елдерде – Ресей, Қырғыз елі, Тәжікстанда да байқалады. 2022 жылы әлемде қызылшаның 155 500 жағдайы анықталды.
"Мамандар инфекцияның таралу қаупі жоғары екенін айтуда. Өйткені COVID-19 пандемиясы барлық екпе арқылы алдын алатын барлық инфекцияларға, соның ішінде қызылша мен қызамыққа қарсы вакцинамен қамту көрсеткішінің төмендеуіне әкеліп соқты", - деп түсіндіреді департаменті басшысының орынбасары.
Қазақстанда қызылшаға қарсы вакцинация жылына екі рет тегін жүргізіледі. Алғашқысы – бір жасында, екінші екпе алты жасқа келгенде егіледі.
"Дерекке сүйенсек, 2019 жылы Жамбыл облысында қызылша ауруының 500-ден астам жағдайы тіркелген. Сол кезеңде инфекцияның күрт артуына тұрғындардың вакцинациядан бас тартуы себеп болды. Өңірде қызылша ауруының таралуы 2020 жылы біршама бәсеңсіді. Сол жылы 76 жағдайы тіркелген. Ал 2021-2022 жылы вирустық инфекция тіркелген жоқ", - дейді Нейлә Муликова.
Қызылша – ауа арқылы, тыныс алу жолдарынан тамшылары арқылы таралатын жедел жұқпалы вирустық ауру. Негізгі белгісі - бүкіл денеде бөртпе пайда болады. Ауру пневмония, бронхит, энцефалит (ми қабығының қабынуы) сияқты дерттерді асқындырып жібереді.
А.Сырымбет
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы