- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Биыл қыста жылусыз...
"Биыл қыста жылусыз қаламыз" Әлеуметтік мәселесі ушыққан ауыл тұрғындары жанайқайын жеткізді
Алматы облысына қарасты Қаратөбе ауылының тұрғындары ақшасына газ қостыра алмай отыр. Мердігер компанияның айтқан қаржысын жинап, құжаттарын да реттеп қойса да газ қосатын мердігер компанияның сылтауы таусылар емес. Алғашында газ қостырғысы келген "10 адам жиналыңдар" дегенмен, кейін "35 адам болу керегін" айтқан. Тұрғындар бар айтқанына көніп, тіпті қырық шақты үйдің қаржысын да, құжаттарын да реттеп қойса да, енді компания үйлердің арақашықтығы алыс екенін айтып сылтауратыпты. Қазір газ қостыруға кредит алып, қарызданып қауғаланып отырған ағайын не газ кіргізе алмай, не көмір ала алмай шарасыз күйде. Редакциямызға арызданған тұрғындармен Massaget.kz тілшісі тілдесіп қайтты.
Қарасай ауданына қарайтын бұл ауылға орталықтан газ былтыр кіргізіліпті. Елдімекеннің жартысына жуығы көгілдір отынмен қамтамасыз етіліпті. Алайда қалған ағайын "ақшасын төлесек те газды үйімізге дейін кіргізе алмай әлекпіз" дейді.
"Ақшамыз бен құжатымызды қабылдамайды. Газ ауылымызға кіргізілді. Мердігер компания өкілдері көгілдір отынды әрбір үйге дейін жүргіземіз дегеніне үш ай уақыт болды. 350 мыңнан тартып береміз деген. Енді кредит алып, мердігердің жауабын күтумен сарылып біттік. Алда күз келе жатыр. Газ кіргізіледі деген үмітпен көмір де ала алмай отырмыз. Қазір алмасақ бағасы шарықтап кетеді. Мына түрімізбен қыста не газ қостыра алмай, не көмір ала алмай суықта қатып қалмаймыз ба? Тіпті қазір мәселемізді кімге айтарымызды білмейміз. Бәрі бір біріне сілтейді", - дейді Тұрсынбай есімді ақсақал.
Тұрғындардың сөзінше, компания техниктері "не светит вам газ" деп төтесінен айтып кетіпті. Гауһар есімді ауыл тұрғыны "бар мәселе меморандумда ма" деп күдіктенеді. Себебі, сол меморандум аясында былтыр газ кіргізу бағасы 425 мың болса, биыл 350 мың теңгеге дейін арзандаған.
"Ауылдың 50 пайызы не үшін газсыз қалғанымызды түсінбейміз. Осы көктемде бағаны 350 мыңға түсіріп, меморандумға қол қойыпты. Ол құжат желтоқсан айына дейін күшінде екен. Мердігер алдыңғы жылы 425 мың болғанын айтқан еді. Мердігер компания мәселені келесі жылға дейін созып, бағаның көтерілуін күтіп отыр ма деген күдігіміз де жоқ емес" дейді тұрғындар.
Газ тартуға қаржының тапшылығы қолбайлау болып отыр
21-ғасырда үйлеріне пеш орнатып, көмір жағып отырған тұрғындар бұл мәселенің тезірек шешілгенін қалайды. Ал "Елтай" ауылдық округы әкімінің орынбасары Біржан Боранбайұлы мердігер компаниямен байланыста екендіктерін айтты. Әйтсе де компания өкілдері қаржының жетіспеуіне байланысты газ тарту жұмыстарын жасай алмайды екен.
"Алматыгазсервис-Холдинг" акционерлік қоғамы "Қаратөбе" ауылына дейін газ тартып әкелді. Ал ауылдың ішіне жобалау-сметалық құжаттамасын жасаған "Өрлеу GROUP" ЖШС. Олардың айтуынша ауылға газды толық тартуға 33 миллионға жуық қаржы керек екен. Ақшаны төлеуге дайын адамдардың үйлері бір-бірінен қашықта орналасқан. Мәселен, бір үйге газ кіргізсе, екіншісінің баспанасы 5 үйден кейін орналасқан. Әр үйге кем дегенде 40 метр құбыр керек. Қаржының тапшылығы қолбайлау болып жатыр. Себебі жеке компанияға мемлекеттен ақша бөлінбейді" - деді әкімдік өкілдері.
Қазір 35 үйге газ тарту тиімсіз
Мәселенің әкімдікпен шешілмесін біліп, "Өрлеу GROUP" ЖШС басшысы, Қарасай аудандық мәслихат депутаты Василий Алексеевич Тенге бардық. Жұмыс кеңсесінде болмаған депутат сұрағымызға телефон арқылы жауап берді. Айтуынша, Қаратөбе ауылындағы толық төлемге қабілетті 35 үйге газ тарту тиімсіз. "Қосымша қаржы керек" дейді.
"Бұл мәселенің тезірек шешілгенін мен де қалаймын. Қазір әр үйге көгілдір отын жеткізу тиімсіз. Аталған соманы төлеуге дайын 35 үй шашыраңқы орналасқан. Мысалы 35-40 үйге газ тарту үшін 15-17 миллион теңге қаржы керек. Ал қазір төлемге қажетті 30 үй әрі кетсе 10 миллион теңге жинап береді. Материалдарды сатып алу керек, төлейтін салығымыз бар. Мен адамдардан қазір ақша жинай алмаймын. Ал егер тұрғындардан ақша жинап алсам, мен оларға 3 айдың ішінде газ тартып беруге міндетті боламын. Бұл мәселені облыстық, қалалық әкімдік те біледі. Олар бізге субсидия бөлсе дейміз. Ал компаниядан қосымша ақша бөлу қарастырылмайды" деді ашықтан ашық Қарасай аудандық мәслихат депутаты.
Қарасай ауданында 300 отбасы тұратын ауылда көгілдір отын атымен жоқ
Мердігерден келесі жылы бағаның қалай болатыны жайлы да сұрадық. Ол бағаның қымбаттауын инфляция мен қажетті жабдықтардың бағасымен байланыстырды. Ал Қарасай ауданы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Нұрбол Жылысбеков мемлекеттен субсидия бөлінбейтінін кесіп айтты.
"Қаратөбе ауылына дейін газ жетіп тұр. Қалғаны тұрғындар мен мердігер компанияның арасындағы келісімге сай жүзеге асады. Мемлекет тарапынан субсидия бөлінбейді. Қазіргі таңда Қарасай ауданында 46 ауыл бар. Оның 42-сі газбен қамтамасыз етілген. Ал Айқын, Жыңғылды, Қырқұдық ауылдары адам саны жетіспеуіне байланысты көгілдір отынсыз отыр. Себебі жеке шаруашылық иелері. 6-10 үй тұрады. Қазір басты назарда Сауыншы ауылы. 300-ге тарта отбасы тұрады. Біз қазір сол ауылға қаржы бөлу мәселесін қарастырып жатырмыз" деді әкімдік.
Күн суықта балаларымыз мектеп спорт залына мүлде кірмейді
Қаратөбе ауылының жекелеген үйлерінен бөлек, білім беретін жалғыз мектебі де көгілдір отынға қосылмапты. Тұрғындар оқу маусымы басталғанша газ кіргізсе деген ниетте. Себебі, "қыс басталса балаларымыз сыныптарда бүрсеңдеп, сабақ оқуға ынтасы болмайды" дейді ата-аналар.
"Менің балам осы мектепте оқиды. Қыста бұл мектеп салқын. Күртесін шешпей жүретін сәттері де болды. Күн суықта балаларымыз спортзалға мүлде кірмейді. Биылдан қалмай газ қосып берсе балалар үшін жақсы болар еді", - дейді ата аналардың бірі Қалдыгүл Надралиева.
Ал мектеп директоры Күлпан Төкенқызы "жобалық-сметалық құжаттамасын өткіздім" дейді.
"Мердігер компанияның өкілдері келіп тексеріп кетті. Мектепті жылытатын екі пеш бар. Біреуіне газ қосатындарын айтты. Бұл мектеп 2014 жылы 120 балаға арналып салынған. Қазіргі таңда 450 бала оқиды. Білім бөлімі тарапынан да мәселе қаралып жатыр" деді мектеп директоры.
Құжаттан үш есе көп бала оқитын білім ошағы екі ауысымда оқиды екен. Мектеп директоры сыр бермегенімен, оқушыларға тарлық ететіндігі жасырын емес. Бұл мәселені де жауаптылар жіті тексеруі тиіс. Ал көгілдір отын мәселесін Елтай ауылдық округы әкімінің орынбасары Біржан Боранбайұлы облыс әкімінің тапсырмасымен жылу маусымына дейін шешіледі деп сендірді.
Көмір пештің кесірінен екі үй өртеніп кетті
Газдан да бөлек ауылдың басқа да әлеуметтік мәселелері көп. Мәселен Қаратөбе ауылында электр жүйесінде де мәселе көп. Жел тұрса жарықты өшіріп тастайтын көрінеді. Бір қызығы ауылдың бір бөлігінің электр желісі Қарасай ауданына тіркеліпті. Үй ішінде жылу жүйесін жеделдететін сорғы электр қуатымен жұмыс істегендіктен, жарық сөнсе пештері жарылып жатқан ағайын көп мұнда. Тіпті соның кесірінен ауылда екі үй өртеніп кеткен.
30-40 метр тереңдіктен су алып ішіп отырмыз
Бұл ауылдағы үйлерде су атымен жоқ. Әркім өз ауласынан ұңғымалар қазып, сол арқылы тіршілік нәрін 30-40 метр тереңдіктен алып отыр. Оның өзі электр желісіне байланған. Ауыл ішіне су қазандықтары қазылып, орнатылыпты. Ауыз судың мәселесі "қазан-қараша айларына дейін шешіледі" деді жауаптылар.
Облыстық, қалалық әкімдік бұл мәселеге басын қатырғысы келмейді
Ал "Облыстық, қалалық әкімдік бұл мәселеге басын қатырғысы келмейді" деген депутат Василий Алексеевич Тен алдағы күндері тұрғындармен кездесіп мәселенің шешімін талқылайтынын жеткізді. Ауласының маңындағы құбырдан үйлеріне газ кіргізе алмай отырған тұрғындардың бар үміті мердігер компанияда болып тұр.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Зинешов