Биыл Қазақстан Республикасы аумағында екі халықаралық армия ойындары өтеді. Оның бірі – "Артиллериялық атыс шеберлері" болса, екіншісі – "Сұңқармен аңшылық" байқауы. Мұны ҚР ҚК Бас штабының Жауынгерлік даярлық департаментінің офицері, подполковник Руслан Достанов айтты.
Қарулы Күштер өкілінің айтуынша, Қазақстан халықаралық армия ойындарынан ешқашан қалған емес, жыл сайын қатысады. Әрі Қазақстан Республикасы – армия жарыстары өтетін аумақты кеңейткен әлемдегі жалғыз мемлекет саналады.
"Халықаралық армия ойындары – спорттық әлем чемпионаттары сынды халықаралық маңызы бар, чемпиондық іс-шара. 2000 жылдардан бастау алады. ҚР Қарулы күштері көбінесе шетелде не көршілес елде өтетін халықаралық армия ойындарына қатысатын. 2016 жылдан бастап өзі де ұйымдастыра бастады. Атап айтқанда, сол ҚР Қорғаныс министрінің шешімімен ел аумағында екі конкурсты өткізу туралы ұсыныс айтып, аталмыш байқауларды өткізетін әлемдегі алғаш мемлекет атанды. Оның бірі – "Артиллериялық атыс шеберлері" болса, екіншісі – "Сұңқармен аңшылық" байқауы". Биыл да күз айларында екі халықаралық конкурсты өткізуді жоспарлап отырмыз", – дейді Руслан Достанов.
Оның айтуынша, байқауды өткізудің ережесі дайын. Қажетті оқу-материалдық база дайындалды. Аталмыш армия ойындары биыл Жамбыл облысының Гвардейск кентінде 4 тамыз бен 2 қыркүйек аралығында өткізілмек.
"Артиллериялық атыс шеберлері" сайысына 11 ел қатыспақ. Олар – Ресей, Әзірбайжан, Беларусь, Вьетнам, Қазақстан, Катар, Өзбекстан, Зимбабве, Сирия, Сауд Арабиясы. Ал "Сұңқармен аңшылық" – ұшу апаттарының сайысына үш ел қатысады: Ресей, Қазақстан және Беларусь.
Оның айтуынша, бұл байқауға биыл еліміздің 300-ге жуық әскери қызметшісі қатыспақ. Олар негізінен 11 байқау бойынша қатысады:
"Танк биатлоны" – танк экипаждарының сайысы
"Эльбрус сақинасы" – альпинистер жарысы
"Десант взводы" – десантшылар жарысы
"Адал дос" – кинологтар сайысы
"Мәдениет армиясы" – шығармашылық ұжымдар сайысы
"Теңіз кубогі" – кеме экипаждарының жарысы
"Тактикалық атқыш" – жылдам практикалық атыс мамандарының сайысы
"Ат марафоны" – ат бөлімшелерінің жарысы
"Артиллериялық атыс шеберлері" – миномет топтарының сайысы
"Сұңқармен аңшылық" – пилотсыз ұшу аппараттары топтарының сайысы
"Бейбітшілік жауынгері" – кәсіпқой сержанттар сайысы
Халықаралық армия ойындарына қатысушы командалар ағымдағы жылдың қаңтар және наурыз айларында іріктелген. 12 сәуірден бастап дайындыққа кірісті. Командалардың дайындығы 6 тамызға дейін жалғасады. Кейін жарыс алаңына аттанбақ.
"Халықаралық армия ойындары мемлекеттер арасындағы бауырмалдық пен ынтымақтастықты, татулық пен бейбіт өмірді насихаттайтын іс-шара. Әрі әскерилердің жауынгерлік даярлығы жақсарып, тәжірибесі жетілмек", - дейді офицер.