- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Биыл қай сыныптың...
Биыл қай сыныптың оқулықтарына жаңарту жасалды? Министрлік жауабы
Биылғы оқу жылында қай сыныптың оқулықтарына жаңарту жасалды, оқулықтар жеткілікті ме? Massaget.kz тілшісі осы мәселе бойынша Оқу-ағарту министрлігіне ресми сауал жолдаған еді.
Министрліктің мәліметінше, 2024-2025 оқу жылына оқулықтарды сатып алу үшін барлық жергілікті атқарушы органдар 20 баспамен келісімшарт жасаған. Олардың ішінде "Алматыкітап", "Мектеп", "Атамұра", "Арман-ПВ", "Назарбаев Зияткерлік мектептері", "Астана-кітап", "Келешек-2030", "Жазушы", "Сапалы білім", Macmillan Education, "Консалтинг", Nur-Sultan Baspasy, MM Publications, Express Publishing, Oxford University Press, Huebert Verlag, "Центр САТР", "Әль-Наир", "Көкжиек-горизонт", Cambridge UP
баспалары бар.
Қай сыныптың оқулықтары жаңаланады?
2024-2025 оқу жылында жаңа оқу бағдарламаларын енгізуге байланысты білім беру ұйымдарында қазақ тілінде оқытатын бірнеше сыныптың оқулығы жаңартылып, сатып алынған.
"Атап айтсақ, үшінші сыныптар үшін "Орыс тілі", "Ағылшын тілі", "Неміс тілі", "Француз тілі", "Еңбекке баулу", "Бейнелеу өнері", "Цифрлық сауаттылық" (электронды оқулық), 5-9 сыныптар үшін – "Жаһандық құзыреттер", 9-11 сыныптар үшін – "Неміс тілі" пәндері бойынша оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер толық көлемде жаңартылып сатып алынды. Ал 3 сыныпқа – "Жаратылыстану", 7 сыныпқа – "Қазақ тілі", 8 сыныпқа – "Дүниежүзі тарихы", 9 сыныпқа – "Қазақстан тарихы", "Қазақстан географиясы" оқулықтары қайта басылып шықты", - делінген министрлік жолдаған жауапта.
Оқулықтар өңірлерде жеткілікті ме?
Министрліктің мәліметінше, қазіргі таңда республика бойынша жаңа басып шығарылған оқулықтармен барлық өңірлер толықтай қамтамасыз етілді. Жаңа оқу жылында жаңа типтік оқу жоспарларына сәйкес кейбір пәндер бойынша оқулықтар әзірленіп, оқу процесіне енгізілген.
"Мәселен, 3-сыныптың "Жаратылыстану", "Еңбекке баулу", "Бейнелеу өнері", "Орыс тілі" (қазақ мектептеріне), "Цифрлық сауаттылық", "Шет тілдері" (ағылшын, неміс, француз) және 5-9-сыныптар арналған "Жаһандық құзыреттер" факультативтік курсы бойынша оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер әзірленіп, қолданылады. Сонымен бірге 7-сыныптың "Қазақ тілі", 9-сыныптың "Қазақстан тарихы", "Қазақстан географиясы", 8-сыныптың "Дүниежүзі тарихы" оқулықтарының мазмұнына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, қайта басылып шығарылды", - делінген ресми жауапта.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Жайыққызы