Жыл басынан бері 4,5 мыңнан аса этникалық қазақ қандас мәртебесін алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 4 575 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алған. Жалпы, 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 111,1 мың этникалық қазақ оралған.
Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысы (52,4 пайыз) Өзбекстаннан, 19,3 пайыз - Қытайдан, 6,3 пайыз - Түрікменстаннан, 5,3 пайыз - Моңғолиядан, 13 пайыз - Ресейден және 3,7 пайыз басқа елдерден.
Келген этникалық қазақтар негізінен, Алматы (27,9 пайыз), Маңғыстау (13,9 пайыз), Түркістан (6,8 пайыз) және Жамбыл (5 пайыз) облыстарына, сондай-ақ Алматы (9,0 пайыз), Астана (11 пайыз) және Шымкент (6,5 пайыз) қалаларына қоныстанды.
Биылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны - 69,1 пайыз, еңбекке қабілетті жастан кіші - 22,3 пайыз және зейнеткерлер - 8,6 пайыз.
Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінде білім деңгейі бойынша 18,5 пайызы жоғары білімді, 39,9 пайызы орта кәсіби білімді, 36,7 пайызы жалпы орта білімді және 4,8 пайызының білімі жоқ.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!