Биыл қанша бала жақындарының қолынан ажал құшты? Зәкиева жауап берді

Биыл қанша бала жақындарының қолынан ажал құшты? Зәкиева жауап берді
Фото: instagram.com/zakiyevadinara

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева балаларға көмек қолын созу қаншалық маңызды екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті. 

"Биыл елімізде 25 бала көз жұмды, оның 6-ы жақын адамдарының қолынан қаза тапты. Бүгін 7 жастағы қыз өлі табылды. Алдын ала болжам бойынша, қылмысқа күдікті болған баланың анасы кінәсін мойындады. Бұл отбасының басқа балалары орталыққа орналастырылады. Мұндай қорқынышты жағдайлар көбіне есепте тұру, ішімдік ішу, ұрып-соғу сынды жайттардан кейін болып жатады.  70 пайыз жағдайда тергеу іс-шаралары кезінде біреу міндетті түрде бірнәрсені көріп-білетіні, бірақ ол туралы хабарламайтыны, араласқысы келмейтіні, қорқатыны анықталады.  Осындай жантүршігерлік зардаптар мен зорлық-зомбылықтың алдын алудың бір жолы - іске араласу. Балалардың қауіпсіздігіне қатер төнген деректерді көрсеңіз, естісеңіз, білсеңіз, "111" немесе "102" нөмірлеріне хабарласыңыз. Әрине, ақпарат тексеріледі, бірақ бұл расталса, онда сіз біреуді аман алып қаласыз. ", - деп жазған ол. 

Сондай-ақ, ол балалар қауіпсіздігі туралы заң жобасындағы өзгертулерге тоқталды. 

"Екіншіден, әрине, Президенттің тапсырмасы бойынша мемлекеттік органдармен және депутаттармен бірлесіп әзірлеген балалар қауіпсіздігі туралы заң жобасында қарастырған заңнамалық өзгерістердің маңызы зор.  Өзгерістер туралы мен бұрын жазғанмын, қолдау тапқан маңызды түзетулердің бірі - балаларға қатысты зорлық-зомбылық, ұрып-соғу, денсаулыққа жеңіл зиян келтіру үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту, өйткені жазадан бұлтартпауды  қамтамасыз ету арқылы біз ауыр зардаптардың алдын аламыз: балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық жағдайларында татуласуды болдырмау; отбасыларға көмек инфрақұрылымы, алдын алу және т.б. Осы уақытқа дейін 109 түзету қарастырылған", - деді ол. 

Оның айтуынша, қазір арнайы Әлеуметтік зертхана құрылған. 

"Біз барлық ҮЕҰ-мен бірлесіп, одан әрі шешімдерді әзірлеу үшін Әлеуметтік зертхана құрдық. 
Үшіншіден, бізге кадрлар қажет. Заңдарды қабылдағанда олардың орындалуын қамтамасыз етуіміз керек. Қазір 6,8 миллион балаға небәрі 303 қорғаншылық қызметкерден келеді, яғни бір қызметкерге 22 мың баладан келеді. Ал міндет бойынша 5 мың балаға 1 қызметкерден келуі керек. 

Президенттің зорлық-зомбылық пен балалардың құқықтарын бұзу мәселесіне жеке көңіл бөліп отырғаны - қолдау. Биыл Мемлекет басшысы қызметке кіріскен күннен бастап балаларды қорғау мақсатында маңызды шаралар қолға алынды. Жұмыс жалғасып жатыр", - деді Зәкиева. 

Тағы да оқи отырыңыздар: Қазақстанда қанша мүгедек бала бар?

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

С. Бөлек