Елімізде 1989 жылы 22 қыркүйек күні "Тіл туралы" заң қабылданып, 2017 жылға дейін 22 қыркүйек күні тойланып келді. Қазір мемлекеттік тілдер мерекесі 5 қыркүйекте атап өтіледі. Осы орайда Massaget.kz тілшісі мемлекеттік тілді дамытуға биыл қанша қаражат бөлінді, қандай нәтижелер бар екенін білу үшін Тіл саясаты комитетіне ресми сауал жолдаған едік.
Комитеттің мәліметінше, елімізде жергілікті атқарушы органдардың жанынан құрылған 114 тілдерді оқыту орталығы (2021 ж. – 108, 2022 ж. – 111, 2023 ж. – 114,) жұмыс істейді. Тілдерді оқыту орталықтарында оқыту жергілікті қаражат есебінен жүзеге асырылады.
"Тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының 18-тармағына сәйкес мемлекеттік тілдерді оқыту орталықтарында ересектер, оның ішінде азаматтық және мемлекеттік қызметкерлер үшін тілдерді оқыту курстары ұйымдастырылып келеді. Бұдан бөлек, 2023 жылы Tilorta.kz порталы әзірленді. Порталда тіл оқыту орталықтарының тізімі, мекенжайы, оқытушылар, әдіскерлер туралы деректер, оқулықтар, сөздіктер, әдістемелік еңбектер және қазақ тілін оқыту бойынша басқа да материалдар орналастырылған. Аталған база негізінде азаматтар тілдерді оқыту орталықтарында ұйымдастырылатын оқу курсына тікелей жазыла алады", - делінген ресми жауапта.
Тілдерді оқыту орталықтарында қазақ, орыс және ағылшын тілдері тегін оқытылады.
"Статистика бойынша, 2024 жылы бірінші жартыжылдық бойынша өңірлерде қазақ тілі курсын 26889 адам (2022 ж. – 51356 адам, 2023 ж. - 42775 адам), орыс тілін – 1728 адам (2022 ж – 5275, 2023 ж. – 3742 адам), ағылшын тілі бойынша – 6655 адам (2022 ж – 12891, 2023 ж. – 11 566 адам) тегін үйренген. Сондай-ақ 2024 жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша 1772 адамға өңірлерде 9 этностың тілі оқытылған", - делінген хабарламада.
Өңірлік тіл орталықтарында қазақ тілін оқыту "Қазақ тілін меңгерудің коммуникативтік тілдік құзыреттілігі" Қазақстан Республикасының ұлттық стандарты негізінде жүзеге асырылады.
"Мемлекеттік бағдарламалар аясында шығарылған оқу-әдістемелік құралдарды өңірлердегі тілдерді оқыту орталықтары қазақ тілін оқытудағы ортақ әдістеме ретінде пайдаланады. Атап айтқанда, А1, А2, В1, В2, С1 деңгейлеріне арналған "Типтік оқу-әдістемелік кешенін" мемлекеттік стандарт, лексикалық минимум, электрондық қамтамасыз ету бағдарламасы, грамматикалық анықтағыш, оқулықты басшылыққа алады. "Тіл дарын" оқу-әдістемелік кешенін; көркем шығармалар арқылы тіл үйретуге арналған қазақ тілін, "Іскери қазақ тілін" (оқу құралы+СD), "Қазақ және ағылшын тілдеріне қарқынды оқыту жөніндегі интерактивті оқыту жүйелерін, инновациялық-әдістемелік бейнесабақтар кешенін", "Қазақ тілін оқытудың бастапқы лексикалық және грамматикалық минимумын» мультимедианы, "Қазақ тілі" орта деңгейін (В2), "Қазақ сөзі" қазақ тілінің белсенді лексика-грамматикалық минимумының әдістемелік кешендерін (137, 500, 900, 1200, 1500 сөз), "Әдіскер анықтамалығын", "Қазақ әдеби тілінің анықтамалығын", "Әлеуметтік лингвистика" ғылыми-әдіснамалық құралы мен сөздігін; мемлекеттік қызметшілерге арналған қазақша-орысша, орысша-қазақша сөздікті, "Шаңырақ" үстел лингвистикалық ойынын пайдаланады", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар бірқатар тілдерді оқыту орталықтары өздерінің бірегей әдістемелерін қосымша пайдаланады.
"Мәселен, Қарағанды облысының Тілдерді дамыту басқармасының тапсырысы бойынша А-1 деңгейіне әзірленген "Сарыарқа" қазақ тілін оқуға арналған оқу-әдістемелік кешен, "Сарыарқа" қазақ тілін үйренуге арналған YouTube арнасы, нотариат саласында қызмет көрсетушілерге арналған оқу құралы әзірленді. Түркістан облысының Мәдениет басқармасының тапсырысы бойынша былтыр "Қазақ тілі" өзге ұлт өкілдеріне арналған оқу құралы шығарылды. Қызылорда облысында "Сөз және сөйлеу мәдениеті" атты әдістемелік кешен әзірленді. Биыл А2-Б2 деңгейі бойынша "Сарыарқа-3" оқу-әдістемелік кешені және салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа, спорт түрлеріне арналған әр деңгейге бөлінген оқулық әзірленуде", - делінген ресми жауапта.
Тілдерді оқыту орталықтары мемлекеттік тілді үйренуге азаматтар тарапынан сұраныс жоғары. Соның негізінде жыл сайын оқыту курстары ұйымдастырылып келеді.
Ересектерді қазақ тіліне оқыту курстарында дәстүрлі әдістермен қатар Socrative, Quizizz, Quizlet, Kahoot, Padlet, Playpozit, Thinglink сияқты түрлі әлемдік онлайн-бағдарламалар қолданылады. Сондай-ақ комитеттің тапсырысы бойынша әзірленген Tilqural.kz, Tilmedia.kz, "Абай.институт", Balatili.kz сайттары арқылы азаматтардың мемлекеттік тілді өз бетінше үйренуіне мүмкіндік жасалған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!