Жетісу облысында биыл тұрғын үй құрылысына 7,6 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаржы 56 көпқабатты мен 214 жеке тұрғын үй салуға бағытталды. Бұдан бөлек, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 866 пәтер сатып алынды, оған 15,9 миллиард теңге көзделген.
Бұл жөнінде бүгін Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев айтты.
Өңір басшысы апатты тұрғын үй мәселелерін шешуге ерекше назар аударылатынын атап өтті. Оның айтуынша, 2023 жылдың басында облыста 348 пәтер апатты деп танылып, өткен жылы 1,3 миллиард теңгеге 137 пәтер сатып алынған.
Ал биыл жергілікті бюджеттен бөлінген 2,4 миллиард теңгеге 155 жаңа пәтер, атап айтқанда, Кербұлақ ауданында, Текелі және Талдықорған қалаларында сатып алынды. Сондай-ақ "Самұрық-Қазына ҰӘҚ" АҚ демеушілерінің есебінен 560 пәтерлік 9 үй салынып жатыр.
"Жалпы биыл 2 708 пәтер салынды және сатып алынды, оның 1 113 пәтерлік 129 үйі бюджет есебінен, 469 пәтерлік 9 үй - коммерциялық тұрғын үй, 866 пәтер тұрғын үй сатып алу арқылы, 260 пәтерлік 4 үй демеушілер есебінен", - деді Бейбіт Исабаев.
Материалды Жетісу облысының әкімдігі ұсынды
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!