Биыл елімізде 2 мыңнан аса көлік өртеніп кеткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.
Мамандардың айтуынша, жүргізушілер қауіпсіздік талаптарын сақтамайды. Астанаға аяз келгелі 11 күнде 14 машина отқа оранған.
Қарағанды облысында да өткен демалыс күндері 6 темір тұлпар жанып кетті. Көлік иелері автомашиналарын жылыту үшін қатты аязда ашық от қолданған. Одан бөлек, электр сымының тұйықталуынан от тұтанған. Әсіресе, ескі автокөліктерде ақау көп болады. Жыл басынан бері облыста 145 көлік өртеніп кеткен. Барлық жағдайда қауіпсіздік ережелері сақталмаған.
"Өрттің себебі авто оталдыру себебінен болып жатыр және көлік оталмағандықтан ашық күйінде отты қолданудан жанады. Статистикаға сүйенсек, былтырмен салыстырғанда биыл көліктердің өртенуі бірдей көрсеткіште", - деді ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының инженері Елдос Кеңесов.
Мамандар ең үлкен қателік қатты аязда ашық от қолдану дейді. Оның соңы қайғылы жағдайға апаратыны белгілі.
"Қазір көліктер жиі өртеніп жатыр. Оған басты себеп - көліктердің қысқа толық түрде дайындалмағаны. Сондықтан көліктерді қысқа алдын ала дайындап, май, суын ауыстырса, ол көлік қысқа дайын деп есептелінеді", - деді көлік жөндеуші Думан Бақыткелдіұлы.
Ескі көлік те, жаңа көлік те тосыннан өртеніп кетуі мүмкін. Сондықтан темір тұлпарды қысқа сақадай сай етіп, құрал-саймандарын жаңартып, дайындап қойған жөн. Ал бұл ереже сақталмаған жағдайда, көлігіңізді оталмай қалуы да ғажап емес.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!