Биыл елімізде жемқорлардан тәркіленген ақшаға салынған 25 мектеп пайдалануға беріледі

Биыл елімізде жемқорлардан тәркіленген ақшаға салынған 25 мектеп пайдалануға беріледі
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Турар Казангапов

Биыл елімізде жемқорлардан тәркіленген ақшаға салынған 25 мектеп ашылады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.

Бұған дейін апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін шешу үшін Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының есебінен 76 738 орынға арналған 62 мектеп салынды. Оның ішінде 37 білім беру ордасы іске қосылды.

Білім беру нысандарын іске қосу нәтижесінде өңірлерде 48 мың жаңа оқушы орны пайда болды. Бұл мектептердің басым бөлігі мегаполистер мен оларға жақын агломерацияларда орналасқан.

"Қор Қазақстанның білім беру саласындағы жобаларды іске асыру бойынша белсенді жұмыс істеп жатыр. Президенттің тапсырмасы бойынша құрылған қордың қызметі мектептер, оларға қосымша құрылыс нысандарын, интернаттар салу, реконструкциялау арқылы үш ауысымды, апатты мектептер мен оқушы орнының жетіспеушілігін жоюға бағытталған. Биыл 28 мың оқушыға арналған тағы 25 мектепті іске қосу жоспарланып отыр", – деді Инфрақұрылымды дамыту департаменті директорының міндетін атқарушы Марлен Қасенов.

Айта кетейік, биыл аталған қордың есебінен шамамен 15 мың орындық тағы 20 жаңа мектеп салынады. Олар 2025 жылы пайдалануға беріледі.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Massaget.kz