Алматыда Абай атындағы опера және балет театрында Қазақстанның мемлекет және саяси қайраткері Бердібек Сапарбаевпен қоштасу рәсімі өтті. Қаралы жиынға марқұмның туған-туыстары, депутаттар, әкім-министрлер және зиялы қауым өкілдері қатысты.
"Ол жетпіс жылдық мерейтойын да тойламады". Бердібек Сапарбаевпен қоштасу рәсімі өтті
Туыстары атынан сөйлеген белгілі қоғам қайраткері Икрам Адырбеков Бердібек Сапарбаевты қай облыста проблема болса, сол облысқа жіберілетін әкім болғанын айтты.
"Бүгін біздің туыстар үшін емес, Қазақ мемлекеті үшін өте ауыр қаза болып отыр. 30 жылдан астам, еліміздің тәуелсіздігі үшін, экономикасы үшін азаматтар ерен еңбек етті. Соның ішінде Бердібек Мәшбекұлының орны ерекше еді. Оны білетін де, білмейтін де жұрт аңыз етіп айтатын. Қазақта "білгенге аңыз, білмегенге аңыз" деген сөз бар. Сондай азамат еді. Жалпы жұрт құрмет, үлгі тұтатын. Зейнетке шыққанға дейін жан-тәнімен уақытпен санаспай, денсаулығына қарамай еліміз үшін аянбай қызмет етті. Оны әр облыста қандай проблема болса, соны шешуге жіберетін. Мысалы, кезінде Қызылорда облысы тарауға таяп қалған еді. "Облыс бола ма, болмай ма?!" деген әңгіме шыққан еді. Сол кезде Бәрдібек Мәшбекұлы Қызлорда облысында қызмет етті. Шымкентте де халық көп шоғырланған облыс. Не жарық, не жылу жоқ кезең болды. Сол кезде де Бердібек Мәшбекұлы ерен еңбек етті. Онымен қатар қазақтың саны көбейіп, мемлекетіміз нығая берсін деп "Нұрлы көш" деген бағдарлама жасап, Өзбекстандағы көптеген қандастарды Шымкент маңына орналастырды. "Елге тағзым" деп әр адам туған жеріне көмектесуі үшін қаншама жұмыстар атқарды. Кейіннен шығыс қардан, суықтан көз ашпай жатқан кезде, сол аймаққа барып игі істер атқарды. Өрт кезінде Жамбыл облысын басқарды. Тек басшы емес, елдің сүйер ағасы болды. Үлкен құрмет, сыйға ие еді. Бауырымыздың үлгілі жолымен мақтанамыз", - деді ол.
Икрам Адырбеков Бердібек Сапарбаевтың жоспары көп болғанын, қалған өмірін ғылымға арнаймын деп жүргенін жеткізді.
"Алдында жоспары көп еді. Оңтүстік Кореяға барардан алдын сөйлестік. Ол кісі 70 жасын да тойлаған жоқ. Маған айтып еді: "Биыл амандық болса, егін жиналып, халықтың көңілі көтеріңкі болған кезде, елге барайын. Қызмет деп ағайынмен де, доспен де, құрдаспен де араласа алмадық. Енді солардың басын қосып той өткізейін. Елге сәлем берейін" деген арманы бар еді. "Онымен қоса алған білімім бар, көрген-түйгенім бар соның бәрін жастарға берейін, университеттерде лекция оқиын" деген еді. Биологиялық саланың төрағасы болғаны да сол. Қалған өмірін ғылым жолына арнағысы келген. Ол кісі өзін өте жас, қайратты сезінді. Мұндай жағдай болады деп ешкім де ойлаған жоқ. Міне, сондай азаматтан айырылып отырмыз. Ол кісі артында өшпестей із қалдырды. Оның ісі келер ұрпаққа өнеге", - деді қоғам қайраткері.
Айта кетейік, Қазақстанның көрнекті мемлекет және саяси қайраткері Бердібек Сапарбаев 71 жасында 10 маусымда дүниеден өтті.
Бердібек Сапарбаев 1953 жылы дүниеге келген. Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген. 2014-2015 жылдары - ҚР Премьер-министрінің орынбасары. Әр жылдары Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының әкімі болды. 2019 жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін басқарды. 2019-2020 жылдары Премьер-министрдің орынбасары қызметін атқарған.
2020 жылдың ақпанынан 2022 жылдың сәуіріне дейін Бердібек Сапарбаев Жамбыл облысының әкімі, одан кейін "ҚазБiоПhарм" Ұлттық холдингі" АҚ директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарған.