Биыл Елорда күніне орай «Ел жүрегі – Астана!» лейтмотивімен 70-тен астам шара өтеді, — деп хабарлайды 24.kz порталы.
Барлық шаралар бір тақырып пен топтамада біріктірілетін болады. Мерекелеудің басты тақырыбы Қазақ хандығының 550 жылдығына, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналады.
«Осы жылы «Ел жүрегі – Астана!» лейтмотивімен 70-тен астам шара ұйымдастырылады. Салтанатты шарамен 500 мың астаналық пен қала тұрғынын қамту қарастырылған. Осы жылғы мерекенің ерекшелігі шаралардың барлығы ашық алаңда өтеді», - деді Астана қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Болат Мажағұлов.
Елорда күнін ресми мерекелеу 4 шілдеде Мемлекеттік туды салтанатты көтеру рәсімінен басталады. Мерекелік шаралар дәстүр бойынша салтанатты отшашуымен аяқталады. Оны қаланың бірнеше бөлігінен, атап айтқанда Есіл өзенінің жағасынан «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығы алаңынан және Абылай хан даңғылы мен Пушкин көшесінің қиылысындағы саябақтан көруге болады.