Биыл әрбір қазақстандық 40 келі ет өнімін тұтынған
Қазақстандықтар қанша етті тұтынатынын және оны елдің қай өңірінде көбірек жақсы көретінін Energyprom мониторинг агенттігі анықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сарапшылардың мәліметінше, 2024 жылдың қаңтар-маусым аралығында әрбір қазақстандық орта есеппен 40,4 келі ет және ет өнімдерін тұтынған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 3,1 пайызға артық. Жалпы, былтыр ет және ет өнімдерін тұтыну жан басына шаққанда 80,1 келі болған.
Ең көп ет тұтынатын тұрғындар Маңғыстау облысында тұрады, онда жарты жылда әрбір тұрғын орта есеппен 49,1 келі ет және ет өнімдерін тұтынған. Екінші және үшінші орында Жамбыл және Атырау облысы.
Ең аз ет жейтіндер Шымкентте және Түркістан облысында тұрады.
"Қазақстандықтар сиыр етін көп тұтынады. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында бір тұрғын орташа есеппен 12,7 келі сиыр етін алған. Одан кейінгі орында жылқы еті (3,6 келі), тауық еті (2,6 келі) және қой еті (2,5 келі), - деді сарапшылар.
Айта кетейік, қазақстандықтар әлем елдерімен салыстырғанда етті аз тұтынатын елдер қатарына жатады. World Population Review мәліметтері бойынша ең көп "етжегіштер" Тонгода тұрады, мұнда әрбір адам жылына орта есеппен 147,7 келі ет пен ет өнімдерін тұтынады.
Одан кейін Моңғолия (137,8 келі), Сент-Винсент пен Гренадин аралдары (124,4 келі) және АҚШ (122,8 келі) тұр.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Д. Ибраева