- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Биыл Алматы облысында...
Биыл Алматы облысында АӨК қолдауға 34 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінген
Алматы облысы аграрлық-индустриалды аймақ болғандықтан, өңдеуші секторға, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге басымдық беріледі. Бұл туралы баспасөз жиынында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев мәлім етті.
"Алматы облысы еліміз бойынша құс басының саны мен құс етін өндіруден көш бастап тұр. Қой мен ешкі саны жөнінен және жүгері, көкөніс, жеміс-жидек дақылдары мен картоп өсіруден республикада алғашқы үштікке кіреді. Ал балық шаруашылығы тауарлы балық өндірісінің көлемін ұлғайтуға және импортты алмастыру үшін дайын өнім шығаруға бағытталып отыр. Өткен жылы 5 мың тоннаға жуық балық өндірілді. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 17 мың тоннаға жеткізу жоспарлануда", - деді облыс әкімі.
Өңір басшысының сөзінше, биыл агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға 34 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған. Былтыр ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемінің көрсеткіші 736,5 млрд болса, биылғы жылы оның көлемін 2,6% өсіммен 840 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр.
"Алматы облысының асылтұқымды мал шаруашылығын дамыту" бірегей өңірлік бағдарламасы әзірленіп, іске асырылуда. Оған жергілікті бюджеттен 6 миллиард теңге қаржы бөлініп, 820 бас асылтұқымды ірі қара және 4 мыңнан астам асылтұқымды ұсақ мал сатып алынған. Осылайша, 2027 жылға қарай ірі қара асылтұқымды мал басының үлесін 19,5 пайыздан 25 пайызға дейін, ұсақ мал басын 16,7 пайыздан 20 пайызға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Осы аталған шаралардың барлығы облыс халқының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және мегаполистің айналасында азық-түлік белдеуін құруға бағытталған", - деді Марат Сұлтанғазиев.
Бұдан бөлек, өңірде 157 мың гектар жер мемлекетке қайтарылған. Облыс көлемінде суару желілерін қайта жаңарту жұмыстары жалғасуда. Нәтижесінде 57 мың гектарға жуық суармалы жер қалпына келтіріледі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина