Биыл "Алматы жастары" бағдарламасы бойынша 1 100 азаматқа несие беру жоспарланып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы "Отбасы банк" АҚ Алматы бойынша директоры Данагүл Түсіпова өңірілік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
"2017 жылдан бастап қаламызда "Алматы жастары" жеңілдетілген бағдарламасы жүзеге асырылып отыр. Ол барлық өңірде аймақтық бағдарламалардың іске қосылуына негіз болды. "Елорда жастары", "Алатау жастары" бағдарламалары бар. Мұнда әр аймақта несие беру шарттары әртүрлі. Мәселен, "Алматы жастары" бағдарламасы бойынша білім, денсаулық сақтау, мәдениет, БАҚ, спорт, ғылыми-зерттеу институттары, құқық қорғау органдары сияқты жеті салада еңбек етіп жүрген 35 жасқа дейінгі жастарға несие беріледі. Биыл өзгерістер жоспарланып отыр, енді әкімдіктің мақұлдауын күтіп отырмыз. Бағдарламаның басталғанын кейін хабарлаймыз. Біз 1 100 азаматқа несие беруді жоспарлап отырмыз, бұл бағдарлама бойынша бастапқы жарна - 10%, пайыздық мөлшерлемесі - 5%", - деді Данагүл Түсіпова.
"Алматы жастары" тұрғын үй бағдарламасына 35 жасқа дейінгі денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары, БАҚ, әлеуметтік сала, құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатыса алады.
Өтініш берушінің тіркелген некедегі әрбір жылы үшін 2 балл, 1 баласы болса 1 балл, одан кейінгі әр балаға - 2 балл, осы саладағы өтілінің әрбір жылы үшін 2 балл беріледі.
"Алматы жастары" бағдарламасымен қалай баспана аламыз? Нұсқаулық
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!