- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Биыл алаяқтар қазақстандықтарды...
Биыл алаяқтар қазақстандықтарды 154 миллиард теңгеге сан соқтырған
2023 жылғы 10 айда 37,8 мыңнан адам алаяқтарға алданып, 154 млрд теңгесінен айырылған. Бұл туралы Сенат депутаты Геннадий Шиповских айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол депутаттық сауалын Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевқа жолдады.
Оның айтуынша, елімізде алаяқтық дерегі 15 пайызға азайғанмен қаржылай шығын 58 пайызға артқан.
"Енді алаяқтар әр құрбанынан барынша көп ақша өндірудің жолын іздеуге кіріскен. Бас прокуратура Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметінше, 2021 жылы елімізде 40 402 алаяқтық фактісі тіркелген. 39 671 адам 120 млрд 341 миллион теңгеге зардап шеккен. 2022 жылы 42 813 алаяқтық фактісі анықталды. Осылайша, 42 621 адам 97 миллион 329 миллион теңгеге зардап шекті. Биыл 10 айда 36 462 алаяқтық дерегі тіркелді. 37 987 адам 154 млрд 110 миллион теңгеге зардап шекті", - деді сенатор.
Геннадий Шиповских қазіргі таңда махинациялық операциялар банк жүйесі арқылы іске асып жатқанын атап өтті. Алайда банктер киберқауіпсіздігін нығайтуға мән бермей отыр. Депутат өзекті мәселені қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев жеке бақылауына алуы керек деген пікірде.
"Алаяқтармен күресу жолында құзырлы органдар заманауи тәсілдер мен мемлекеттік ресурстың мүмкіндігін толық пайдаланып, жоғары жұмыс нәтижесін көрсетуі керек. Қазақстанда жұмыс істейтін банктер өзінің тұтынушыларын алаяқтардан қорғау үшін жүйені бір қалыпқа келтіріп, киберқауіпсіздікті жаңа дәрежеге көтеруі шарт", - деді ол.
Аяз Есен
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Massaget.kz