Биыл Ақтөбе мен Қандағаш арасындағы жол құрылысы аяқталады

Биыл Ақтөбе мен Қандағаш арасындағы жол құрылысы аяқталады
Фото: elements.envato.com

Қандыағаш - тоғыз жодың торабындағы қала. Ақтөбе мен Атыраудың арасын жалғап жатқан ұзын жол осы қаланың үстімен өтеді. Биыл елу жылдан бері жөндеу көрмеген жол құрылысы аяқталады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ақтөбе мен Қандыағаш қаласының арасындағы жолды қайта жаңарту жұмысы 2021 жылы басталды. Жолдың ұзындығы - 89 шақырым. Құрылыс биыл толық аяқталады. "ҚазАвтоЖол" Ұлттық компаниясы Ақтөбе облыстық филиалы директорының орынбасары Ринат Оразғалиевтің айтуынша, бұрын бұл жол үшінші санатта болса, енді бірінші санатқа ауысады.

Сондай-ақ биыл облыс аумағындағы жолдарды орташа жөндеуден өткізу үшін де қаржы қарастырылған. Мәселен, осы жылы 43 шақырым жол орташа жөндеуден өтсе, бұған тағы қосымша 295 шақырым жолды тегістеу үшін құжаттар әзірленіп, мердігерді анықтауға конкурс жарияланған.

"Өңірдегі республикалық маңызы бар Қандыағаш - Ембі - Шалқар - Ырғыз аралығындағы тас жолды орташа жөндеуден өткізу қолға алынып отыр. Қандыағаштан Ізімбет елді мекеніне дейінгі елу шақырым жөнделеді. Шалқардан Ембіге дейінгі жиырма шақырым жолды орташа жөндеу жұмысы былтыр басталған болатын. Соның жалғасы, яғни тағы 75 шақырымы салынады. Жалпы Қандыағаш - Ембі - Шалқар - Ырғыз бағыты бойынша, барлығы 125 шақырым жолды орташа жөндеу жұмысы биыл бастамақ", - деді Ринат Оразғалиев.

Сондай-ақ Ақтөбе - Орск бағытындағы жолдың 96 шақырымы, Ақтөбе мен Мәртөк аралығындағы жолдың 34 шақырымы да жөнделеді. Биыл Қарабұтақ - Комсомол бағытындағы жолдың Қостанай обылысына дейінгі аралығына да орташа жөндеуден өтеді. Бұл жөндеу жұмыстары екі жылға жоспарланған.
Компания өкілі республикалық маңызы бар жолдарды жөндеу жұмысы жалғаса беретінін айтты.

Кәмшат Қопаева

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz