Биыл қазақстандық 600-ден астам жас өзге елге кетіп қалған. Бұл деректі сенатор Нұртөре Жүсіп айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутаттың мәліметінше, Қазақстанда 5,7 миллионнан астам жас бар. Былтыр жастардың жас мөлшерін 29-дан 35-ке көтергенде, NEET санатындағы жастар саны 223 мыңнан бір жылда 422 мыңға өскен.
"Жоғары білімді жастардың 40 пайыздан көбі мамандығы бойынша жұмыс істемейді, түлектердің 30 пайыздан астамы бірден жұмыс таба алмайды. Мұның ішінде мемтапсырыспен оқығандары да көп. "Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар" деген. Осындай жағымсыз факторлардың әсерінен жастардың жайлы өмір іздеп, шет елге қоныс аударуы жиілеп кетті. Биылғы 1 сәуірдегі статистикаға қарасақ, 600-ден астам жас шетелге қоныс аударған", - деді депутат.
Ол қаңтар-мамыр айлары аралығында кәмелетке толмағандар арасында 72 суицид тіркелгенін де жеткізді, бұл былтырғыдан 18 жағдайға артық.
"Одан бөлек, шамамен 350 мың адам құмар ойын, лудоманиядан зардап шегуде, оның ішінде жастар көп кездеседі. Бүгінде психоактивті заттарды қолдану салдарынан 90 608 адам алкогольге, 18 243 адам есірткіге тәуелді, оның 11 456 - сы 18-35 жас аралығында", - деді Нұртөре Жүсіп.
Азамат Қойшығара
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!