Бишімбаевтың туысына қатысты үкім өзгеріссіз қалды

Бишімбаевтың туысына қатысты үкім өзгеріссіз қалды
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Бүгін кассациялық сот Қуандық Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжановқа қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды. Бұған дейін Бақытжан Байжанов Салтанат Нүкенованың өлімін жасырғаны үшін сотталған болатын, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Шешімді кассациялық соттың судьясы Ерлік Сералин жариялады.

"Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2024 жылғы 13 мамырдағы үкімі және Астана қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 26 маусымдағы қаулысы өзгеріссіз қалсын. Адвокаттар Секеров, Теміржанов және қорғаушы Күлдееваның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын", - деді судья.

Бақытжан Байжановты қорғау тарапы оған жазаны жеңілдетуді сұраған болатын. Адвокаттар ауырлататын мән-жай жоқтығын, Байжановтың асырауында балалары барын және оның жағымды мінездемелерін алға тартты.

Жәбірленуші тарап пен прокурор шағымды қанағаттандыруға қарсы шығып, бұрынғы сот шешімін өзгеріссіз қалдыруды сұрады.

Айта кетейік, Бақытжан Байжанов - бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың туысы. Ол Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты іс бойынша қылмысты жасырып қалғаны үшін сотталған болатын.

2024 жылғы 13 мамырда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оны ҚК-нің 432-бабы бойынша кінәлі деп танып, 4 жылға бас бостандығынан айырды.

Жуырда Бақытжан Байжанов өзін ақтауды сұрады. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget