Күйеуінің қолынан қаза тапқан Салтанат Нүкенованың туыстары оның бағалы заттары мен әшекей бұйымдарын әлі күнге дейін қайтара алмай жүр екен. Бұл туралы оның туған ағасы Айтбек Амангелді айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Біраз шындықтың бетін ашқан марқұмның туған ағасы бүгінде сараптама қорытындысымен танысуды бастап кеткен. Марқұмның туыстары 11 томнан тұратын істі шамамен бір ай қараймыз деп отыр.
Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелдінің сөзінше, сот жақындаған сайын Қуандық Бишімбаев тамыр-танысының барлығын іске қосып жатыр екен.
"Қуандық Бишімбаев ең ірі министрліктің тізгінін ұстады. Әлі күнге дейін билікте оның жақын достары, таныстары бары сөзсіз. Қылмыс жасалған күннен бастап Бишімбаевтар отбасы барлық мүмкіндігін пайдаланғанын білеміз. Ықпалын пайдаланып кеткісі келеді. Олар адам өлімін ойлап жатқан жоқ, балаларына қатаң жаза тағайындалатынын ғана уайымдап отыр", - дейді марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы.
Сонымен бірге Бишімбаевтың туыстары әлі күнге дейін Нүкенованың әшекей бұйымдары мен бағалы киімдерін бермей отырған көрінеді. Қайғылы оқиғадан кейін тергеуші Нүкеновтерді Қуандық пен Салтанаттың шаңырағына, қыздарының заттарын алып кетуге шақырыпты. Алайда "адвокаттары кедергі жасады" дейді ағасы.
"Ата-анам есеңгіреп, ауруханада жатқандықтан Салтанаттың заттарып алып кетуге мен бардым. Үйде Қуандық Бишімбаевтың анасы мен әпкесі болды. Адвокаттары алдымыздан шығып, бөгет жасауға тырысты. Ал туыстары кінәлі кейіп те танытпады. Анасы Салтанаттың заттарын жерге лақтырып, әшекей бұйымдарының бірін де бермеді. Құнды дүниелердің біразын Салтанат тұрмысқа шықпай тұрып алғанын ескерткім келеді", - дейді дейді марқұмның ағасы Айтбек Амангелді.
Еске салайық, бүгін, 11 қаңтарда экс-министр Қуандық Бишімбаевты қамауда ұстау мерзімі ұзарды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз