Астана қаласы бойынша Сот әкімшілігі департаментінің басшысы Елдос Жұмақсанов Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша ашық процеске қатысқысы келгендердің бәрі неге кіре алмағанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Сот залына кіргісі келгендер кіргізілмеді, бос орындар болды, бірақ біреуге басымдық берілді, біреуге берілмеді" деп жатыр. Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта тек бес сот отырысы залы бар екеніне тоқталып өткім келеді. Бұл ретте осы сотта бір мезгілде төрт қылмыстық іс қаралып жатыр. Сотталушы ретінде бір-бірден 32 адам, енді бірінде тоғыз адам, тағы бірінде сегіз адам өтіп жатыр. Төртіншісі - Бишімбаевтың ісі, онда екі адам - сотталушы. Сәйкесінше мұнда сегіз, тоғыз немесе 32 адам сыймайды. Сондықтан осы зал таңдалды", - деп түсіндірді Жұмақсанов.
Сонымен қатар, бесінші зал Бишімбаевтың ісін тікелей эфирден көргісі келетіндердің барлығына ашық болатыны айтылды.
Елдос Жұмақсанов тараптардың бірінің өкілдеріне отырыс залына кіруге көбірек мүмкіндік берілгені туралы ақпаратты жоққа шығарды.
"Сотталушы Бишімбаев заң бойынша бір қоғамдық қорғаушыға құқылы. Екінші сотталушының, яғни оның туысының да қоғамдық қорғаушысы бар. Екі сотталушының тағы бес адвокаты бар. Адвокаттар саны шектеулі емес. Тиісінше қазірдің өзінде жеті адам отыр, сонымен қатар, сот процесінде судья бар. Жәбірленушілердің бір қоғамдық қорғаушысы бар және, менің ойымша, төрт адвокаты бар. Нәтижесінде шамамен 14-15 адам. Сонымен қатар, айдауыл қағидасының талаптарына сәйкес бір сотталушыға кемінде екі айдауыл қажет. Тиісінше екі сотталушыда төрт айдауыл. Бізде залдың сыйымдылығы 19-20 адамға лайықталған, ол қатысушылардың санымен шығады. Осылайша, біреуінде көп адам немесе біреудің туыстары қатысып отыр, біреуінде қатысып отырған жоқ деген ақпарат шындыққа жанаспайды", - деді ол.
Айта кетейік, экс-министр Бишімбаевқа әйелін аса қатыгездікпен өлтірді деген айып тағылып отыр. Оқиға Астанадағы мейрамханалардың бірінде болған еді.
Былтыр 9 қарашада Қуандық Бишімбаев ұсталғаны белгілі болды. Ал 11 қарашада бұрынғы министр қамауға алынды.
Еске салайық, кеше алдын ала тыңдау барысында мемлекеттік айыптаушы сұмдық жайттарды айтқаны хабарланды.
Бишімбаев ісі: Астанада алдын-ала сот тыңдауы басталғалы жатыр (сурет-видео)
Айыптау қорытындысы бойынша Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенова Астанада өткен концертте болғаны айтылды. Концертте олардың арасында жанжал басталған. Кейін олар мейрамханаға бірге барған, ол жерде де жанжал жалғасқан. Нүкенова Бишімбаевтан кеткісі келетінін айтқан, бұл туралы ағасына да хабарлаған.
"Концертте болған Бишімбаев бос сылтауды пайдаланып, Нүкеновамен жанжалдаса бастаған. Концерт аяқталғанын күтпестен екеуі ғимараттан шығып, жаяу Бао мейрамханасына бағыт алған.
Мейрамханада алкоголь ішу барысында жанжал жалғаса берген. Нүкенова Бишімбаевқа бұл қарым-қатынастан шаршағанын және одан кетуге шешім қабылдағанын айтқан. Сондай-ақ, Нүкенова ағасына қонуға баратынын жазып, такси шақыруға тырысқан", - деді прокурор.
Сондай-ақ, мәліметтерге сүйенсек, Бишімбаев мас күйде Нүкенованың басына қатты соққы берген. Кейін ол әйелді аяғымен тепкілей бастаған. Салтанат Нүкенова бөлмелердің біріне тығылмақ болған, бірақ Бишімбаев есікті сындырып, оны қайтадан ұра бастаған.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!