Бишімбаевтың ата-анасы берген даулы сұхбат ресейлік коучтың арнасынан өшірілді

Бишімбаевтың ата-анасы берген даулы сұхбат ресейлік коучтың арнасынан өшірілді
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Астанада Ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты процесс өтіп жатқанда сотқа ресейлік блогер, психолог әрі коуч Наталья Грейс келген болатын, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Көп ұзамай оның YouTube-арнасында Қуандық Бишімбаевтың ата-анасы берген сұхбат жарияланды. Онда олар болған жайтқа қатысты өз нұсқасын, ұлы мен марқұм келіні Салтанат Нүкеновамен қарым-қатынасы туралы айтқан болатын.

Сұхбат қоғамда қызу талқыланды. Желі қолданушыларының бір бөлігі мұны Бишімбаевты белгілі бір дәрежеде ақтап алу әрекеті деп қабылдады.

Біз қазір Грейстің арнасында сұхбаттың жоғына назар аудардық.

YouTube парақшасынан алынған скриншот

Кейбір БАҚ-та бұл сұхбаттың гиперсілтемесі сақталған. Алайда одан да бейненің қолжетімсіз екені және оған шектеу қойылғаны туралы хабарлама шығады.

YouTube парақшасынан алынған скриншот

Грейс арнасынан сұхбаттың не себепті өшірілгені әзірге белгісіз. Алайда видеоны, сондай-ақ, оның үзінділерін YouTube-тегі бөгде арналардан көруге болады.

Наталья Грейстен бөлек, Бишімбаевтың сотына сол кезде ресейлік журналист әрі тележүргізуші Ксения Собчак та келген болатын. Айта кетейік, оның сапардан дайындаған репортажы әлі күнге дейін қолжетімді. Оның YouTube-арнасындағы бұл бейне бүгінде 11 миллион қаралым жинаған.

Еске салайық, бұған дейін Бишімбаевтың адвокаты Ерлан Ғазымжанов Tengrinews.kz-ке берген сұхбат барысында Наталья Грейске ешкім ақша төлемегенін мәлімдеген болатын.

"Наталья Грейске Бишімбаевтар 100 мың төлеп, оны Бишімбаевты қолдау үшін Мәскеуден шақыртты деген ақпарат тарады. Бұл - өтірік. 80-нен асқан, әлеуметтік желіден бейхабар анасы Наталья Грейсті тауып алып, шақырды дегенге сену қиын, бұл ақылға қонымсыз, біз оны танымайтынбыз", — деді ол.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget