- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Бишімбаевтың апелляциялық шағымы...
Бишімбаевтың апелляциялық шағымы қашанға дейін қаралады?
Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Назгүл Рахметуллина Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановқа қатысты қылмыстық іс бойынша апелляциялық шағым қанша уақытқа дейін қаралуы мүмкін екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мәжіліс кулуарында журналистер Жоғары сот өкілінен "алқабилер алқасының үкімінен кейін апелляциялық шағым беруге бола ма?" деп сұрады.
"Иә, әрине. Алқабилердің қатысуымен шығарылған үкімге тараптар шағымдана алады. Ол үшін апелляциялық саты бар. Олар (сотталғандар - еск.) келіспесе, әрине, шағымдануға құқылы", - деді сот алқасының төрағасы.
Рахметуллинаның айтуынша, апелляция бір ай ішінде қаралады.
"Апелляциялық органдар қарауға үлгермей жатқан жағдайларда ұзаруы мүмкін. Мысалы, адвокаттар белгілі бір күндері қатыса алады және т.б. Заң бойынша сотталғандардың апелляциялық сатыдағы сотқа қатысуы сот тергеуі қайтадан жүргізілген кезде міндетті саналады. Яғни, кейбір қосымша дәлелдемелерді зерттегенде ғана, басқа жағдайларда сотталушының қатысуы қажет екенін немесе қажет емес екенін апелляциялық орган өзі шешеді", - деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Бишімбаев пен Байжанов ісі апелляциялық сотқа түскені хабарланды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова