Бишімбаевтың анасы қыруар ақшаны қайдан алғанын ашық айтты

Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекова сотта 990 мың долларды (шамамен 453 миллион теңге) қайдан алғанын айтты. Ол туысқаны Бекзат Кемелованы осы ақшаны алдап алды деп айыптап отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тергеу кезінде прокурор Альмира Нұрлыбековадан мұндай қаражатты қайдан алғанын нақтылады. Бишімбаевтың анасы бұл ақшаны көп жылдық кәсіпкерлік қызметінің арқасында жинағанын айтты.

Оның айтуынша, 1993 жылдан бастап бизнеспен айналысқан, ал 2003 жылдан бері жеке кәсіпкер ретінде Қызылорда базарына кәмпит, мандарин және апельсин жеткізіп тұрған.

"Кейін Таразда мектеп, одан соң спа-салон аштым. Кейін ғимарат пен екі қабатты үйімді сатып, Әулие-Ата университетін аштым. 2007 жылы сол нысандардың бірін миллион долларға саттым", - деді Нұрлыбекова сотта.

Бишімбаевтың анасы кейін Шымкентке көшіп, бизнесін жалғастырғанын айтты: түлектерді жұмысшы мамандықтарына оқытқан, консалтинг компаниясы мен тіс дәрігерлеріне арналған химиялық препарат шығаратын өндіріс ашқан.

"2017 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет біздің бар ақшамыз бен мүлкімізді тексерді. Тексеріс нәтижесінде барлығы адал еңбекпен келген деп қорытынды берді", - деп түсіндірді Нұрлыбекова.

Мән-жайы

Еске салайық, бұған дейін бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ата-анасы өздерінің туыстары, яғни Қайрат пен Бекзат Кемеловтарды сотқа бергені хабарланды.

Бұрынғы шенеуніктің анасы Бекзат Кемелованы миллион долларға жуық көлемінде алаяқтық жасады деп, ал оның жұбайын жала жапты деп айыптады. 

Бүгін прокурор айыптау актісін оқығаннан кейін судья Назгүл Бапақова айыпталушыдан айыптаумен келісіп-келіспейтінін сұрады. Бекзат Кемелова келіспейтінін айтып, кінәні мойындамады.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!