Қуандық Бишімбаевтың адвокаты сот үкіміне қарсы апелляциялық шағым түсірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сотталушы Бишімбаевтың адвокаты Ерлан Ғазымжановтың айтуынша, ол сотқа 28 мамырда өтініш жолдаған.
"Сағат 17:00 шамасында "Сот кабинеті" қызметі арқылы Бишімбаевқа қатысты сот үкіміне шағым түсірдім", - деді сотталушы Бишімбаевтың қорғаушысы Tengrinews.kz тілшісіне.
Апелляциялық шағымда, Бишімбаевтың қорғаушысының пікірінше, сот талқылауы кезінде судья тарапынан жіберілген 20-ға жуық процессуалдық заң бұзу деректері көрсетілген.
"Біздің пікірімізше, бұл алқабилер үкімі мен жалпы үкімнің заңсыздығына әкеліп соқтырды, бүгін тергеу изоляторында барып, қорғауымдағы Қуандыққа апелляцияның жобасын көрсеттім, ол келісті, мен соңғы нұсқаны сотқа жолдадым", - деді Бишімбаевтың адвокаты.
Айта кетейік, бұған дейін Ерлан Ғазымжанов өзіне жасалған қоқан-лоққыға байланысты полицияға арыз жазғаны белгілі болды. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеуді Астананың Сарыарқа аудандық полиция бөлімі жүргізіп жатыр.
27 мамырда Бишімбаевтың туыс інісі, сотталушы Бақытжан Байжановтың қорғаушылары да үкімге қарсы апелляциялық шағым түсірген.
Еске салайық, 13 мамырда Астанада Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты сот процесі аяқталды. Сот Қуандық Бишімбаевты азаматтық некедегі әйелін азаптап өлтіргені үшін кінәлі деп тапты. Ол 24 жылға бас бостандығынан айырылды.
Оның інісі Бақытжан Байжанов қылмысты жасырып қалғаны үшін кінәлі деп танылып, төрт жылға бас бостандығынан айырылды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!