- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Бишімбаевтың адвокаттары істі...
Бишімбаевтың адвокаттары істі басқа бап бойынша қарауды сұрап отыр
Астанада Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты іс бойынша алдын ала тыңдау өтті. Айыпталушы - бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев. Бишімбаевтың қорғаушылары өтінішхатты оқып, оны "абайсызда қазаға ұшырату" бойынша жазаға тартуды сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бишімбаевтың адвокаты Назкен Құсайынова іс бойынша сотталушының әрекетін ерекше қатыгездікпен адам өлтіру деп саралауға негіз жоқ деп есептейді.
"Тергеу жүйелі түрде ұрып-соғу деректерін де, қаржылық тәуелділікті де дәлелденген жоқ. Қорғаушы тарап соталды тергеп-тексеруді жалғастыруды, Бишімбаевтың әрекетін 104-баптың 1-бөлігі ("Абайсызда қазаға ұшырату") бойынша қайта саралауды сұрайды", - деді Назкен Құсайынова.
Бишімбаевтың қорғаушысы сотталушының өлтіру ниеті болмағанын айтып отыр.
"Расында да, мейрамханада жанжал болған (...) Бишімбаевтың барлық әрекеті Салтанат Нүкенованы тынышталдыруға бағытталған", - деді тағы бір адвокат.
Бишімбаев не үшін айыпталып отыр?
- Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі 1-тармағы "Көрiнеу кәмелетке толмаған адамға немесе кiнәлi адамға дәрменсiз күйде екенi көрінеу белгiлi не кiнәлi адамға материалдық немесе өзгедей тәуелдi адамға, сол сияқты ұрланған не кепiл ретiнде қолға түсiрілген адамға қатысты қинау";
- 99-баптың 2-бөлігі 5-тармағы "Аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру";
- 14-баптың 2-бөлігі 2-тармағы - айыптау тарапының пікірінше, Бишімбаевтың әрекетінен қылмыстардың қауіпті қайталануы байқалады.
Екінші сотталушы Байжановқа қандай айып тағылған?
- Қылмыстық кодекстің 432-бабы "Қылмысты жасырып қалу";
- 434-бап "Қылмыс туралы хабарламау".
Айта кетейік, экс-министрге әйелін аса қатыгездікпен өлтірді деген айып тағылып отыр.
Еске салайық, былтыр 9 қарашада Қуандық Бишімбаев ұсталғаны хабарланды. Ол сол кезде әйелі Салтанат Нүкенованы ұрып өлтірді деген күдікке ілінді.
Ал 11 қарашада бұрынғы министр қамауға алынды.
Бұл іс бойынша бүгінгі алдын ала тыңдау барысында мемлекеттік айыптаушы сұмдық жайттарды айтқан еді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова