24 жылға сотталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев колонияда жұмыс істемей жүр. Бұл туралы Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті мәлімдеді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің мәліметінше, Бишімбаев жазасын қатаң режимдегі мекемеде өтеп жатыр.
"Бос жұмыс орындарының болмауына байланысты жұмысқа істеп жүрген жоқ. Сотталушының күн тәртібі қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің ішкі тәртіп ережелерінің және қолданыстағы Қылмыстық-атқару заңнамасының талаптарына сәйкес сақталады", – деп хабарлады комитет.
Бұған дейін Бишімбаевтың түрмеде қандай жұмысқа орналаса алатыны белгілі болған еді. ҚАЖК төрағасы Теңізжан Жәнібековтің айтуынша, бұрынғы ұлттық экономика министрі "Еңбек" РМК-ға ағаш және металл өңдеу саласы бойынша жұмысқа орналаса алады.
Еске салайық, 13 мамырда Астанада Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты сот процесі аяқталды. Сот бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевты әйелін азаптап өлтіргені үшін кінәлі деп тапты. Ол 24 жылға бас бостандығынан айырылды.
Оның інісі Бақытжан Байжанов қылмысты жасырғаны үшін кінәлі деп танылып, төрт жылға сотталды.
26 маусымда сот алқасы Бишімбаев пен Байжановтың апелляциялық шағымы бойынша үкімді өзгеріссіз қалдырды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!