Бүгін Астана соты Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановқа қатысты сот тергеуін аяқтады. Айыпталушылардан тағылған айыпқа қатысты ұстанымдары сұралды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Судья Айжан Құлбаева Бишімбаевқа басты сот отырысында прокурор айыптау актісін оқып, айып тағып, тағылған айыптар бойынша өз ұстанымын нақтылағанда екі бап бойынша кінәсін толық мойындамағанын еске салды.
"Енді сот тергеуі аяқталғаннан кейін, сіздің жауаптарыңыз тыңдалып, куәгерлерден жауап алынып, аудио-видео жазбалар қаралып, қылмыстық іс материалдары зерттеліп болғаннан кейін сіздің ұстанымыңыз бұрынғысынша қала ма?" - деп сұрады судья Бишімбаевтан.
"Төреші, құрметті алқабилер, мен азаптау бойынша өз кінәмді мойындамаймын", - деп жауап берді сотталушы.
"Сіздің азаптау бойынша ұстанымыңыз сол күйінде қалды. Толықтай мойындамайсыз ба?" - деді Айжан Құлбаева.
"Иә, мойындамаймын", - деді Бишімбаев.
Судья сонымен бірге Бишімбаевтан екінші эпизод – ерекше қатыгездікпен өлтіру бойынша да ұстанымын сұрады.
"Екінші эпизодтың маған ерекше қатыгездікпен қасақана кісі өлтірді деген айып тағылған бөлігінде мен Нүкенованың өліміне әкеп соқтырған соққыларды жасағанымды мойындаймын, бірақ оны қасақана жасағанымды мойындамаймын", - деп жауап берді Бишімбаев.
Екінші сотталушы Бақытжан Байжанов та өз ұстанымын айтты. Ол кінәсін мойындаған жоқ.
"Менікі жасырып қалу бойынша, бірақ мен ештеңені жасырған жоқпын. Менің ондай ниетім болған жоқ. Бишімбаев маған жазды, мен орындадым. Мен онда не болғанын білген жоқпын және жазбаны көрмедім. Жасырып қалу бойынша мойындамаймын. Хабарламау бойынша - мен біле салысымен, бірден хабарладым, жедел жәрдемге қоңырау шалдым. Тағылған айыптар бойынша мойындамаймын. Бірақ менің кінәм бар. Жедел жәрдемді ертерек шақыруыма болар еді. Бұл үшін кінәлімін", - деді Байжанов.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!