Әйелін өлтірді деп айыпталып отырған экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысынан кейін қоғам тарапынан судья мен прокурорларға, жәбірленуші тараптың адвокаттарына жақсы пікірлер көбейді. Massaget.kz тілшісі олар туралы не белгілі екеніне шолу жасады.
Судья Құлбаева - Х.А. Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің түлегі. 1996 жылы "Дауыл" жекеменшік фирмасының заңгері болып еңбек жолын бастаған. Одан кейін әр жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Түркістан облысында Ішкі істер департаментінде, Әділет басқармасында, сотта, кейін Астана қаласында, Қостанай облысындағы соттарда қызмет еткен. 2014 жылы Астанаға қайта келіп, Астана қаласы Алматы ауданының №2 аудандық сотының судьясы болған.
2022 жылы 28 желтоқсанда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы болып тағайындалған.
Судья Құлбаева Бишімбаевтың ісіне дейін де бірқатар сотта төрағалық еткен. 2023 жылы ақпанда блогер Махамбет Әбжанды 9 жылға бас бостандығынан айырды. Оған бопсалау және жалған ақпарат таратқаны үшін айып тағылды. Сот жабық түрде өткен.
Құлбаева - "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы төрағасы Абылай Мырзахметовтің ісінде де судья. Ол кәсіпкер Қайрат Боранбаевқа қатысты істі тоқтату үшін алаяқтық жасады және пара берді деп айыпталып отыр. Айжан Құлбаева бұрынғы мәжілісмен Нұржан Әлтаевтың ісін де қарады. Әлтаев Абылай Мырзахметовтен аса ірі мөлшерде пара алғаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айрылды.
Айта кетейік, біраз уақыт бұрын Астана қаласының Полиция департаменті судья Айжан Құлбаеваға қатысты қорқыту дерегі бойынша қылмыстық іс қозғаған болатын. Судьяның ұялы телефонына белгісіз нөмірден қоңыраулар мен қорқытқан хабарламалар түскен. Судья жеке қауіпсіздік шараларымен қамтамасыз етілген.
Айжан Аймағанова - Астана қаласы прокурорының аға көмекшісі. Ол Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің заң факультетін, кейін Астана қаласындағы Қазақстан-Ресей университетін бітірген.
Еңбек жолын Солтүстік Қазақстан облыстық қылмыстық істер жөніндегі сотының бас маманы болып бастап, кейін Астана қаласы прокуратурасына қызметке келген. Astana аkshamy мәліметінше, Айжан Талғатқызы үш бала тәрбиелеп отыр.
Айжан Аймағанова да бірқатар шулы істе прокурор болған. Соның ішінде ол кәсіпкер Қайрат Боранбаевты 8 жылға бас бостандығынан айыруды, мүлкін тәркілеуді сұраған болатын.
Марқұм Салтанат Нүкенованың туыстарының мүддесін сотта қорғап жатқан адвокаттар - Жанна Оразбахова мен Әлия Омарова, Игорь Вранчев пен Дамир Ишмаметов.
Жанна Оразбахова 1987 жылы дүниеге келген. М.С. Нәрікбаев атындағы университетті, заң факультетін тәмамдаған. Ол - Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты. Ашық дереккөз мәліметтеріне сүйенсек, Оразбахова 2013 жылы адвокат лицензиясын алған. Ол Бишімбаев ісіне дейін де әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық оқиғаларында адвокат болған. Сонымен қатар, танымал блогер Мейіржан Төребаевтың қорғаушысы болған.
Екінші адвокат Игорь Вранчев 1975 жылы Атырауда дүниеге келген. Ашық деректерге сүйенсек, Мәскеу заң институтының Орынбор филиалында оқыған. 1997 жылы осы бағытта ЖШС ашқан. Ал 2010 жылы адвокат лицензиясын алған. Бұған дейін адвокат Игорь Вранчев Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Нұрлан Таубаевты қорғаған. Шенеунік пара алуға әрекет жасады айыпталған болатын.
Тағы бір адвокат Әлия Омарова Қазақ мемлекеттік заң академиясында білім алған. Ол заң мәселелері бойынша кеңесші, заңгер қызметін атқарған. Алматы қаласының прокуратурасында аудан прокурорының аға көмекшісі болған. Омарова да тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты істерде адвокат болған.
Дамир Ишмаметов - Бишімбаев ісінде жәбірленуші тараптың тағы бір адвокаты. Ол қылмыстық және азаматтық істерде қорғаушы тарап болып, сотта өкілдік ету бойынша қызметтер атқарады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!