Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров экс-министр Қуандық Бишімбаевтың сотына қатысқан ресейлік танымал блогерлер Ксения Собчак пен Наталья Грэйс
СІМ-нен аккредитация алмағанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
СІМ-нің баспасөз мәслихатында ресми өкілге "Ресейлік танымал блогерлер бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев сотына қатысу үшін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінен аккредитация алды ма?" деген сұрақ қойылды.
Айбек Смадияров СІМ-ге ешкімнен өтініш түспегенін жеткізді.
"Біріншісі де, екіншісі де аккредитациядан өтпеді. Олардың сотқа қандай рөлде қатысқанын білгіңіз келсе, сот өкілінен сұрай аласыз", - деді ресми өкілі.
Айта кетейік, экс-министр Қуандық Бишімбаевқа әйелі Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтірді деген айып тағылып отыр.
Бұған дейін ресейлік блогер Ксения Собчактың Қуандық Бишімбаевтың сотына келгені хабарланған еді. Ол сотқа неге қатысқанын да түсіндірген.
Сондай-ақ ресейлік блогер Наталья Грэйс экс-министр Қуандық Бишімбаевтың сотын "хайпқа" теңеген еді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!