- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Бишімбаев ісі бойынша...
Бишімбаев ісі бойынша келесі сот отырысына журналистер қатысуы мүмкін
Азаматтық некедегі әйелін өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша негізгі сот отырсына журналистер қатысуы мүмкін, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Facebook-тегі парақшасында жазды.
Оның сөзінше, Бишімбаевтың сотында БАҚ өкілдеріне тиісті орындар болуы керек еді.
"Министрлік әрқашан журналист құқықын шектеуге жол бермеу, ақпаратқа еркін қол жеткізуді қамтамасыз ету және обиективті ақпарат тарату ұстанымын берік сақтайды. Бұл ретте кешегі сот отырысында арнайы орынның болмауына байланысты БАҚ өкілдері сот отырысын белгіленген бөлек бөлмеде отырып көрді. Алайда БАҚ өкілдеріне тиісті орындар болуы керек", - деді ол.
Ведомство басшысы осы жағдайды ескере отырып, министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, журналистерді қажет орындармен қамту жұмысын жүргізетінін жазды.
"Жалпы, БАҚ өкілдерін сот процесін жариялау кезінде бірқатар этикалық аспектілерді, атап айтсақ, заң үстемдігін, бейтарап әділеттілікті ескеріп, жалған ақпараттың таралуынан және кез келген формада сот қызметіне араласудан сақ болуға шақырамын", - деді Балаева.
Еске салайық, 11-12 наурыз күндері Астанада Бишімбаев ісі бойынша соттың алдын ала тыңдауы өткен залға журналистер кіргізілмеді.
Астана бойынша сот әкімшілігі департаментінің басшысы Елдос Жұмақсанов Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша ашық процеске қатысқысы келгендердің бәрі неге кіре алмағанын айтты.
"Сот залына кіргісі келгендер кіргізілмеді, бос орындар болды, бірақ біреуге басымдық берілді, біреуге берілмеді" деп жатыр. Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта тек бес сот отырысы залы бар екеніне тоқталып өткім келеді. Бұл ретте осы сотта бір мезгілде төрт қылмыстық іс қаралып жатыр. Сотталушы ретінде бір-бірден 32 адам, енді бірінде тоғыз адам, тағы бірінде сегіз адам өтіп жатыр. Төртіншісі - Бишімбаевтың ісі, онда екі адам - сотталушы. Сәйкесінше мұнда сегіз, тоғыз немесе 32 адам сыймайды. Сондықтан осы зал таңдалды", - деп түсіндірді Жұмақсанов.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан