Бақытжан Байжановтың адвокаты Ғазиз Ынтықбаев сотталушының атынан сот үкіміне қарсы апелляциялық шағым түсірді. Бұл туралы ол Tengrinews.kz тілшісіне айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Байжановтың адвокаты апелляциялық шағым сот кеңсесі арқылы 27 мамырда, түстен кейін түскенін айтты. Адвокат шағым түсірер алдында қорғаушы Қылмыстық кодекстің 432-бабы ("Қылмысты жасыру") бойынша бұрын соттар қараған істерді зерттегенін айтты. Оның сөзінше, сотталушылар үш жылдан аспайтын мерзімге сотталған.
"Ол төрт жылға бас бостандығынан айырылып, ең қатаң жаза алды. Біз жазаның мөлшерімен ғана келіспейміз, "Байжанов кінәлі" деген үкіммен мүлдем келіспейміз. Біз апелляциялық шағымда нақты фактілерді келтіреміз, Байжановтың іс - әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық жоқ деп есептейміз", - деді Байжановтың адвокаты Ғазиз Ынтықбаев.
Бақытжан Байжановтың адвокатының айтуынша, қылмыстық іс жүргізу кодексіне сәйкес, апелляциялық шағым екі ай ішінде қаралуы мүмкін.
Айта кетейік, Қуандық Бишімбаевтың адвокаты Ерлан Ғазымжанов сот үкіміне әзірше апелляциялық шағым түсірмегенін, бірақ жуырда шағым түсірмекші екенін айтты.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз