Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты іс бойынша жәбірленуші тарапқа материалдық және моральдық шығынды өтейді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотында Айтбек Амангелдінің жауапкер Қуандық Бишімбаевтан материалдық шығын мен моральдық зиянды өндіру туралы талабымен іс қаралды.
"Ағасы қайғылы оқиға салдарынан моральдық азап шеккенін, денсаулығы нашарлағанын және қайғылы оқиғаға байланысты еңбекке қабілеттілігін жоғалтқанын көрсеткен. Марқұмның ата-анасы талап қоюшының пайдасына өндіруден бас тартқан. Талап қоюда қылмыстық іс аясында заң қызметтеріне төлеуге кеткен шығындар да талап етілді. Сот жақын туысының қайтыс болуы талап қоюшының моральдық жағдайына кері әсерін тигізіп, оның жеке мүліктік емес құқықтарын бұзғанын ескере отырып, талапты ішінара қанағаттандырды", – деп жазылған хабарламада.
Жауапкерден қылмыстық іс бойынша келтірілген 6 877 672 теңге материалдық шығын мен 10 миллион теңге моральдық зиян өндірілді.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Айтбек Амангелді Қуандық Бишімбаевтан моральдық өтемақы талап еткені хабарланды.
Айта кетейік, Қуандық Бишімбаев 24 жылға сотталған еді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз