Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көптен бері талқыланып келе жатқан әйелдер мен балалардың құқын қорғауды көздейтін заң жобасына қол қойды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұған дейін Сенат "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" және "Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" екі заңды мақұлдады.
Заңды әзірлеуге не түрткі болды?
БҰҰ-ның мәліметінше, әлемде әрбір үшінші әйел қорлық көреді. Ұлттық статистика бюросы 2021 жылы Қазақстанда 61 464 әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық фактісі тіркелген. Ал 2020 жылы 63 447 жағдай тіркелгенін жария етті. 2023 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан 69 әйел мен 7 бала қайтыс болды. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 99 мыңнан астам арыз түсіп, балаларға қатысты 2452 қылмыс жасалған. Жалпы Қазақстанда полицияға жыл сайын тұрмыстағы зорлық-зомбылық бойынша 100 мыңнан астам арыз келіп түседі екен. Бірақ өкінішке орай жәбірленушілердің 60 пайызы жазған арыз-шағымын кері қайтарып, зорлықшыға іс-шара қолданудан бас тартып жатады.
Мемлекет басшысы 2022 жылы 16 наурызда және 2023 жылы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына жолдауларында әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату жөнінде тапсырма берді. 2023 жылдың қазан айында Мәжіліс депутаттары Асхат Аймағамбетов, Елнұр Бейсенбаев, Дания Еспаева және Жұлдыз Сүлейменова тиісті заң жобасы мен ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне енгізілетін ілеспе түзетулерге бастамашылық етті.
Заң бойынша жұмыс қалай жүрді?
2024 жылғы 31 қаңтарда барлық сараптамадан өткеннен кейін Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті заң жобасын жұмысқа алды. Жұмыс тобының жетекшісі депутат Жұлдыз Сүлейменова болды. Оның құрамына Мәжіліс депутаттары, Үкімет, күштік құрылымдар мен қадағалау органдарының өкілдері, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, қоғам қайраткерлері, Үкіметтік емес ұйым өкілдері кірді. Мәжіліс 2024 жылғы 21 ақпанда заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Мәжіліс 2024 жылғы 28 ақпанда заңды екінші оқылымда қабылдап, Сенатқа жолдады. Сенат 2024 жылдың 11 сәуірінде заңды мақұлдап, бүгін Президент қол қойды.
Бұл заң тек тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың криминилизациясына қатысты емес. Бұл заң - отбасы қарым-қатынасы, баланың қауіпсіздігі, елдегі әйел мен бала мәселесіне арналған. Соған байланысты "Неке және отбасы" кодексіне, ҚР "Қылмыстық процессуалдық кодексіне", "Әкімшілік құқық бұзушылық" кодексіне және "Тұрғын үй жайы жөнінде" заңнамаға бірнеше өзгерістер мен баптар енгізілді. Мәселен, қылмыстық кодекске "Кибербуллинг" ұғымы қосылды. Ол "Балаларға интернетте жыныстық сипатта тиісу" деген бап болып қарастырылады, алайда заңда шамалы басқаша аударылған. Онда "16 жасқа толмаған балаларды жыныстық қарым-қатынасқа бейімдеу" деген секілді беріліпті. Яғни мұнда буллинг, кибербуллинг, харассмент секілді дүниелердің алдын алуға бағытталған шаралар бар, - деді заңгер Айгерім Құсайынқызы.
Қоғамдық даму институтының сарапшысы Айнұр Абайқызының айтуынша, заңның басым бөлігі балалар құқықтарын қорғауға арналған, шамамен 30 пайызы әйелдер мәселесін көтереді.
"Жалпы, тұрмыстық зорлық-зомбылық 2017 жылы ҚР Қылмыстық кодекстен Әкімшілік кодекске ауысқан еді. Бұрынғы заңда күйеуі әйелін ұрғаны үшін деңгейіне қарай - ескерту, 15 айлық есептік көрсеткішіндегі айыппұл, 15 немесе 25 күнге қамаққа қамау қарастырылатын. Онымен қоса, зәбір көрген әйел кризистік орталықтарды жағалап үйінен кетуге мәжбүр болып, зорлық көрсеткен ер адам үйінде қалатын еді. Енді жаңа заңға сәйкес соттың шешімі бойынша үйден әйел емес, қорлық көрсеткен адам кетуге тиіс", - деді сарапшы.
Сарапшы енді үйде зорлық жасап, денсаулыққа зиян келтіргеніне орай агрессор 4-7 жылға дейін бас бостандығынан айырылатынын, ал егер зорлық балаға жасалса өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін айтады.
"Әйелді суицид жасауға итермелегені үшін 3 тен 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Қасақана түрде денсаулыққа зиян келтіру – 200 АЕК көлемінде айыппұл немесе 200 сағат түзету жұмыстары немесе 50 тәулікке қамауға алу қарастырылған", - дейді Абайқызы.
Ең басты өзгеріс тұрмыстық зорлық-зомбылық әкімшілік құқық бұзушылық қана емес сонымен қылмыстық кодекспен жазаланатын қылмыс сатысына кіргізілді.
"Кәмелет жасына келмеген баланы суицидке итермелеу үшін 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Бұрынғы заңда күйеуі әйелін ұрғаны үшін деңгейіне қарай - ескерту, 15 айлық есептік көрсеткішіндегі айыппұл, 15 немесе 25 күнге қамаққа қамау қарастырылған болатын. Енді әйелін ұрып соққаны үшін 80 АЕК айыппұл не 80 сағат қоғамдық жұмыстар не 25 тәулікке қамаққа алу қарастырылады", - деді Айнұр Абайқызы.
Заңда ата-ана құқығынан айыру туралы норма бар ма?
Абайқызы ол фейк ақпарат екенін, заңда ондай жаза қарастырылмағанын айтты.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!