Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Үкімет отырысының барысында жарнама саласындағы уәкілетті және реттеуші мемлекеттік органды анықтауды ұсынатын «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жарнама мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырды. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Заң жобасында жарнама саласындағы уәкілетті органды – жарнама мәселелері бойынша басшылық және салааралық үйлестіруді жүргізетін орталық атқарушы органды (ҰЭМ) анықтау ұсынылады.Жарнама саласындағы реттеуші мемлекеттік органдар жарнама қызметі жүзеге асырылатын жеке салада басшылық жасайтын мемлекеттік органдар болып табылады», - деп хабарлады министр.
Одан басқа, заң жобасында Қазақстан аумағында, оның ішінде жарнамада сатылатын өнім құнын ұлттық валютада ғана көрсету туралы талап енгізіледі, сондай-ақ жарнама саласындағы тыйым салуларды бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейту көзделеді. Заң жобасында міндетті теле-, радиоарналар үшін өтеусіз негізде бір ай ішіндегі жарияланымның жалпы көлемінің кемінде бір пайызы мөлшерінде әлеуметтік жарнаманы орналастыру міндеті енгізіледі.
«Сыртқы жарнаманы орналастыруға рұқсаттың қолданыс мерзімін ұзарту көзделген. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес сыртқы жарнаманы орналастыруға рұқсат 1 жыл мерзімге беріледі, жарнама берушінің жыл сайын рұқсат беру органдарына құжаттар топтамасын ұсынып, жарнаманы орналастыру мерзімін ұзартуына тура келеді, бұл қосымша әкімшілік кедергі болып табылады. Осыған байланысты, рұқсат мерзімін 1 жылдан 5 жылға дейін ұзарту ұсынылады», - деп хабарлады Бишімбаев.
Заң жобасында 5 кодекс пен 9 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу болжанады.
Заң жобасымен «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекске жарнама саласындағы заңнаманы бұзғаны, тауарлардың бағаларын ұлттық валютада көрсетпегені, биологиялық белсенді қоспаларды жарнамалауға қойылатын талаптарды бұзғаны үшін жауапкершілікті енгізу бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
«Рұқсаттар және хабарламалар туралы»Заңға сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастыруға берілетін рұқсаттың мерзімін 1 жылдан 5 жылға дейін ұзарту, сондай-ақ жарнама саласындағы рұқсат беру құжаттарын, олардың қайталануына байланысты оңтайландыру бойынша түзетулер енгізіледі.
Сондай-ақ, «Автомобиль жолдары туралы» Заңғаавтомобиль жолдарының бойында сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастыруға рұқсат беру құжатының (паспорт) түрін нақтылау мақсатында түзетулер енгізу көзделеді.
Бишімбаев «Заң жобасын қабылдау жарнама қызметін мемлекеттік реттеу тәсілдерін жүйелеуге, жарнама туралы заңнама талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге, әлеуметтік жарнама рөлін күшейтуге және ұлттық валюта мәртебесін нығайтуға мүмкіндік береді». – деп қорытты.