- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Биліктің соңы -...
"Биліктің соңы - өкініш". Депутат Руслан Берденов бұрынғы өмірін сағынып жүргенін айтты
Депутат Руслан Берденов қазір тарихи кітаптарды көп оқитынын және бизнеспен айналыспайтынын Руслан Шаекинге берген сұхбатында айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, депутат болу оңай емес.
"Қазір көп тарихи кітаптарды оқи бастадым. Билікке, саясатқа қатысты ізденемін. Себебі бұрын бизнесте жүргеннен кейін бұл салаға көп көңіл бөлмейтінмін. Қазір күннен күнге қызығып жүрмін. "Биліктің басы - қуаныш, ортасы - жауапкершілік, соңы - өкініш" деп бабаларымыз айтып кеткен. Басы қуаныш дейтін себебі, билікке келген әрбір адам арманына жеткеніне қуанады. Уақыт өте оның жауапкершілігін түсінесің. Ортасы деп осыны айтқан. Бүкіл халық саған қарап отырады, барлық кемшілікті сенен сұрай бастайды. Соңы өкініш дейтін себебі билікте, саясатта жүрген адам жұмысын тоқтатқан кезде "неге мен жобамды соңына дейін жеткізе алмадым?" деп өкінеді. Әзірге бірінші этаптан өттік. Елдің алдында жүріп, сынын, мәселесін тыңдау оңай емес. Соңында өкінбейтіндей жұмыс жасаймын деген ниеттемін", - деді Руслан Берденов.
Руслан Берденов депутаттыққа Сырымбек Таудың соңғы болып шақырғанын айтты.
"Мені және Нұрлан Қоянбаевты депутаттыққа соңғы шақырды. Сырымбек Тау келіп, партияға шақырғанда, "саясаттан алыс адаммын" деген едім. Екі рет келіп айтқан соң айналамдағы жақын адамдармен ақылдаса келе осындай шешімге келдім. Қазір бұрынғы өмірімді қатты сағынып жүрмін. Себебі шетелге барасың, көп саяхаттайсың", - деді ол.
Қазір депутат бизнеспен айналыспайды.
"Заңға сай қазір кәсіппен айналыспаймын. Бірақ біз құрған бизнесте бір команда болғандықтан, оларға бұл істі қорықпай тапсырдым. Бұған дейін мен стратегиялық жағына жауап берген едім. Қазір жақсы жұмыс атқарып жатыр деп ойлаймын. Көптеген жаңа жобаларды, жаңа нәтижелерді көріп жатырмын", - деді Руслан Берденов.
Еске салайық, бұған дейін депутат Руслан Берденов журналистерден неге "қашқанын" түсіндіргені туралы жарияланған болатын.
Тағы да оқи отырыңыздар: Жүннен тоқылған киімдерді қалай жуған дұрыс?
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
А. Жайыққызы