- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ақорда
Биліктің беделін түсіру, алауыздық тудыру, ақпараттық шабуыл белең алып барады - Президент

Қасым-Жомарт Тоқаев кейінгі кезде биліктің беделін түсіру, алауыздық тудыру үшін ақпараттық шабуыл белең алып бара жатқанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлімдеді.
"Жаппай цифрландыру мемлекеттің азаматтармен және бизнес өкілдерімен қарым-қатынасын айтарлықтай жеңілдетеді. Сондай-ақ бюрократияны және сыбайлас жемқорлық қатерлерін азайтады. Бұл - түсінікті. Алайда таяқтың екі ұшы бар, цифрландыру дамыған сайын алаяқтық көбейіп барады. Қоғамдық пікірге теріс ықпал ету, биліктің беделін түсіру және ел ішінде алауыздық тудыру үшін жалған мәлімет таратып, ақпараттық шабуыл жасау белең алып барады. Мұндай әрекеттер азаматтардың қауіпсіздігіне және елдегі тұрақтылыққа үлкен қатер төндіреді. Сондықтан интернет-платформаларда арандатушылық сипаттағы ақпарат таратқаны үшін жауапкершілікке тартуды заңмен бекіту мәселесін ойластыру керек", - деді Президент.
Тоқаев киберқауіпсіздікті күшейту шаралары цифрландыру үдерісіне тосқауыл болмауға тиіс екенін мәлімдеді.
"Қоғамда мемлекеттің азаматтарды кибералаяқтардан қорғау үшін қабылдап жатқан шаралары нәтижесіз деген қасаң пікір қалыптасып келеді. Статистика да көңіл көншітпейді. Жыл сайын 20 мыңнан аса интернет-алаяқтық фактісі тіркеледі. Қылмыстың 80 пайызға жуығы әшкереленбейді. Сондықтан Үкімет құқық қорғау органдарымен және қаржы саласын реттеушілермен бірге азаматтардың жеке деректерін қорғауды мейлінше қамтамасыз етуі керек", - деді Мемлекет басшысы.
Бүгін, 28 қаңтарда Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысы өтті.
Отырыс барысында еліміздің былтырғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары шығарылып, Үкіметтің алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттері айқындалды. Премьер-министр Олжас Бектенов, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов және бірқатар өңір әкімдері баяндама жасады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова