- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Билік үшін күрес"....
"Билік үшін күрес". Назарбаев Қаңтар оқиғасының себебін атады
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Менің өмірім. Бодандықтан - бостандыққа" атты кітабында Қаңтар оқиғасы туралы сөз қозғады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Тарих жолы қай заманда да тайғақ. Бұл айтылғанның дәлелі - 2022 жылғы қаңтар оқиғасы. Ол оқиға тәуелсіздіктің отыз жылдық тарихында ел басына түскен ең ауыр сынақ болды. Қаңтарда ұйымдасқан экстремистік топтар елімізде жаппай тәртіпсіздік орнатып, террорлық шабуыл жасады. Соның салдарынан бейбіт тұрғындар зардап шекті. Лаңкестер елдігіміз бен егемендігімізге, тыныштығымыз бен тұтастығымызға қауіп төндіріп, жұрттың берекесін қашырды. Сұйытылған газ бағасының оқыс көтерілуіне байланысты туындаған жұртшылық наразылығын бетке тұтып алып, жаппай бағынбаушылыққа шақырды. Экстремистер тәртіпсіздіктер ұйымдастырды, өрт қойды, вандализмге жол берді, бірқатар облыс орталықтарында әкімшілік ғимараттарын, Алматы әуежайын, қару сататын дүкендерді басып алды, қалыпты тіршілік ету нысандарына шабуыл жасады, қала тұрғындарын, құқық қорғау органдары қызметкерлерін ұрып-соқты, сабады. Мысалы, Алматыда жүгенсіз кеткен тобыр Президент Резиденциясын, қалалық әкімдік ғимаратын өртеп жіберді. Полицейлер, әскери қызметшілер, бейбіт тұрғындар өлді", - деп жазылған кітапта.
Оның айтуынша, Қаңтар оқиғасының басты себебі - билік үшін күрес.
"Қаңтар оқиғасының басты себебі - билік үшін күрес. Экономикалық қиындықтардың өзі сол күресті бастауға ілік ретінде пайдаланылды. 2019 жылы мен өз еркіммен президенттік қызметтен бас тартып, мемлекет басқару тізгінін Конституция талабына сәйкес Сенат төрағасына берген кезімде бұл шешіміме көптеген адамдардың наразы болғанын анық білемін. Олардың біразы Қ. К. Тоқаевтың өмір бойы дипломатия саласында жұмыс істегенін, нақты экономикамен премьер-министрдің орынбасары, Үкімет басшысы қызметтеріндегі бас-аяғы үш жылдың ішінде ғана тікелей айналысқанын ойлап, ел өмірінің барлық мәселелеріне жауап беруі тиіс президенттік жүкті арқалай ала ма деп іштей қауіптенгендер. Менің ізбасар ретіндегі жасаған таңдауыма наразылық (іштей, әрине) білдіргендердің кейбірі - президенттіктен дәме еткендер. Олар алдымен маған қарсылық білдіре алмады. Одан кейін президенттік сайлаудағы халық шешіміне қарсылық білдіре алмады. Президенттер ауысқан кезде қашанда босаған орынға отыра қалуға әрекет жасалады. Әрине, адамдар менің жасым ұлғайып келе жатқанын, кетуді ойлайтынымды біліп жүрді. Бірақ оның қашан болатынын білмеді. Оның үстіне бұның тез болғаны сондай, "үміткерлер" көзін ашқанша іс бітіп те қалды. Солай деп ойлаймын. Бірақ
бұл - менің жеке ойым", - деп жазылған кітапта.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
С. Бөлек